A+ A A-

talgatzhan 36 20-11-2024, 18:00 0

ШҚО-да қыстағы жол қауіпсіздігін сақтау үшін 800-ге тарта қар тазалау техникасы дайын

ШҚО / Бүгін

Өңірде қысқы кезеңге автомобиль жолдарын дайындау жұмыстары аяқталды. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров хабарлады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оның сөзінше, қыстағы қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында 783 бірлік қар тазалау техникасы дайындалды.
- Оның ішінде, автогрейдерлер, әмбебап жол машиналары және қар тазалағыш щеткалы тракторлар бар. Техниканың шамамен 90%-ы жұмысқа жарамды күйде және пайдалануға дайын, - деді Нұрбек Тұраров. 
Ресми ақпаратқа сүйенсек, облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5262 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 1238 км республикалық маңызы бар, 1583 км облыстық маңызы бар және 2441 км аудандық деңгейдегі жолдар.
Республикалық жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарымен «ҚАЗСервис» ЖШС айналысса, облыстық жолдарды «ОблШығысЖол» ЖШС қызметкерлері қадағалайды. Аудандық жолдарды күтіп ұстау жергілікті мекемелердің қолында.
Мәлім болғандай, қар көшкіні қаупі бар жерлердегі қауіпсіздікке ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» ММ филиалы «ШҚТЭУ» көшкін жүреді-ау деген 20 бағыт әзірледі. Бұл бағыттарда филиал мамандары қызмет көрсететін 160 қар өлшеуге арналған аспап орнатылған. Барлық аспап қалпына келтіріліп, жөндеуден өтті. 
- Қараша айының 15-нен бастап филиал мамандары қар көшкіні қаупі бар аймақтарға 20 жерүсті тексеріс жүргізіп, «ҚАР КӨШКІНІ ҚАУІПТІ АЙМАҚ! АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!» деген жазуы бар 40 ескерту белгісін орнатты, - деп атап өтті «Қазселденқорғау» ШҚАПБ басшысы Советбек Станбеков.
Биыл шұңқырларды жөндеу, жол жиектерін нығайту, жаңа жол қоршаулары мен ескерту белгілерін орнату жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар 1-ші қарашадан бастап облыста тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік орталықтар іске қосылды. Бұл орталықтар жол жағдайын бақылайды. Ауа райы өзгеріп бара жатса тиісті мәлімет береді және барлық деректерді Төтенше жағдайлар департаменті және полиция бөлімдеріне жібереді. Жауапты тұлғалар сөзінше, қысқы төтенше жағдайларды жою үшін 1717 адам және 686 бірлік техника жұмылдырылатын болады. Құтқару және медициналық пункттер дайындалды.
- Күрделі жерлерде жұмыс істеу үшін 114 бірлік жоғары өтімді техника дайындалған. Оның 25 бірлігі республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойында, сондай-ақ қар басу қаупі жоғары аймақтарда орналасқан, - деді ШҚО ТЖД Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева.
Өткен жылы облыстық маңызы бар жолдар 44 рет жабылған болатын. Оның себептері сол: қардың көп жабуы, боран, нөлдік көрініс, аяз және қар көшкіндерін бақылау жұмыстары. Биыл қабылданған шаралар осындай оқиғаларды азайтуға бағытталған.

Фотосурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив