Мемлекеттік сатып алу порталына көз жүгіртсек, ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қарасты туристік ақпараттық орталық жуықта ғана порталда конкурс өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соның нәтижесінде ProRafting фирмасы жеңімпаз болып шықты. Өңірдегі блогерлер мен БАҚ өкілдерін тиісті жерге апарып, тиісті шараларды өткізу соларға жүктелді. Техникалық сипаттамаға зер салсақ, аталған тур желтоқсан айы бітпей бес күнге жалғасуы тиіс. Тур аясында Өскемен, Риддер қалалары, сондай-ақ Ұлан, Глубокое аудандарына бару жоспарланды. Барлығы 15 адам қатысуы тиіс: блогерлер – 10, журналистер – бесеу.
Одан бөлек, баратындар құрамында сегіз travel-блогердің есімі көпшілікке белгілі болуы тиіс. Шет елден кемі бір блогер келуі керек екен. Болған шараны көпке жеткізу үшін республикалық басылымдардан бір БАҚ өкілі келеді деп күтіледі.
Мәлім болғандай, жеткізуші әлеуметтік желідегі парақшасының сілтемесі немесе скриншот жіберуі керек. Әр travel-блогердің Instagram-дағы жазылушы саны 50 мың адамнан кем болмағаны жөн. Сол блогерлердің контенті қазақ, орыс және ағылшын тілінде болуы шарт. Жеткізуші тапсырыс берушінің ақшасын блогерлерге қаламақы негізінде төлеуі қажет.
Фотосурет ашық дереккөзден
Пікірлер