Облыс орталығында соңғы жылдары дәстүрге айналған бүркітшілер сайысы - «Шығыс салбурыны» фестивалі фотокөрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған фестиваль өңірімізде биыл төртінші рет қатарынан өткізіліп отыр. 2020 жылы бастау алған бұл шара бүгінде ауқымы кеңейіп, халықаралық деңгеңге дейін жеткен. Облыстың бір бейнесіне айналған бұл салбурын Ұлан ауданы қарасты Бозанбай ауылы маңында өткізіліп келеді. Соны дәріптеп халыққа тағы да бір жаңа қырынан көрсету мақсатында Өскемендегі облыстық Пушкин кітапханасында фотокөрме ұйымдастырылды. Оған шығысқа белгілі 5 фотографтың туындылары қойылған. Таңдай қақтырарлықтай тамаша талғаммен түсірілген фотолар көрермен назарына ұсынылды.
- Бірнеше жылдан бері «Шығыс салбурыны» өтіп жатыр, сол шарадан жинақталған фотоларды естелік ретінде көрерменге ұсынуды жөн көрдік. Мұнда облысымыздағы бірнеше фотографтың еңбектері бар. Бұндай көрме биылмен тоқтамай, алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. Фото дегеніміз - ең жылдам ақпарат көзі. Мынау ақпарттық заманда фотоөнерді қолға алып дамытумыз қажет. Алдағы уақытта жастарды тәрбиелеп білгенімізді үйретіп, осы салаға баулысақ деген тағы бір мақсатты алдыға қойып отырмыз. Егер одан әрі шеберлігімді шыңдаймын деп қызығушылық танытқан жандарға біз, яғни "Шығыс фотоөнері" клубы жол ашып бере аламыз, - деді ҚР Журналистер одағының ШҚО бойынша төрағасы Мерей Қайнарұлы.
Еске сала кетейік, құсбегілер жарысы биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Онда тек қыранын қалықтатқан бүркітшілер жарысынан бөлек, асау үйретіліп, садақ ату мен тазылар жарысы да ұйымдастырылды.
Жас бүркітші Айзере Марск құсбеглікпен 8 жасынан бастап айналысады.
- Қыранға деген қызығушылығымды әкем оятты, кішкентай кезімнен бастап жанынан тастамай осы қазақи өнерге баулып өсірді. Ата дәстүрді жаңғыртып, қасиетті өнеріміздің жандануына бәріміз ат салысуымыз керек. Қолымдағы қыраным әлі балапан. Оны алдағы уақытта аңшылыққа баулып дайындаймын, - деді жас бүркітші.
Айта кетейік, «Шығыс салбурынына" Моңғолия, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Мажарстан сынды мемлекеттердің құсбегілері келіп, қырандарының бабын сынаған болатын.
Пікірлер