Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда жаңа мереке «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» болып бекітілген еді. Осы мерекеге орай 23 сәуір күні А.С.Пушкин атындағы ШҚО кітапханасында «Қуатты елдің жастары – кітаппен» атты пікірталас алаңы өтті.
Шараға қаладағы «Төр Алтайдың әдеби әлемі», «Кітаппен өскен мен», «Кітап ал» әдеби-шығармашылық топтарынан белсенді, кітапсүйер жастар қатысты. Басты мақсат - жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық әдебиеттің ең үздік туындыларын насихаттау.
Шараның шымылдығын қаладағы балалар жазушысы Күлмай Сембайқызы ашып, кітап оқудың пайдасы және кітаптың маңыздылығы туралы айтып өтті.
«Аманат» партиясы Жастар рухы Жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық төрағасы Қорлан Тугамбаева сөз сөйледі.
- Абай атамыз айтқандай, артық білім - кітапта. Кітапты көп парақтаған адамның зейіні ашылып, зердесі толығады. Сонымен қатар кітапты көп оқыған адамның ақылы да, білімі де уақыт өте келе өзінің жан дүниесін қорғайтын қамалына айналады. Сондықтан да біз кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, оны өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдырып, жастарға үйретуіміз керек. Себебі еліміздің ертеңі - білімді жастардың қолында, - деді ол.
Шараға жергілікті жас қаламгерлер және кітапсүйер жастар Қ.Дүргінбай, С.Қуанғанұлы, Ә.Әуезхан, Р.Асқарұлы, А.Досханұлы қатысып, өз өлеңдерін оқып, оқыған кітаптары жайында ой бөлісті. Отбасымен кітап оқитын кітапхананың белсенді оқырмандары Шыңғыс Манарбекұлы пен Шырын Ардаққызы баланы кітап оқуға қалай қызықтыруға болатынын айта келе «Кітап оқуды қай форматта қалайсыз?», «Қандай жанрларды оқыған ұнайды?», «Сіз кітап таңдау кезінде кімнің ұсыныстарын пайдаланасыз?», «Сіз кітапты қандай мақсатпен оқисыз?», «Кітап оқу мәдениеті» деген сұрақтарды көпшілікпен бірге талқылады.
Шарадан жастар кітап оқудың пайдасын біліп ғана қоймай кітап оқуға деген ынтамен қайтты.
Лашын ЖАРДЕНБЕКҚЫЗЫ
Пікірлер