Бұл ақпарат “Altay Invest - 2025” форумы аясында облыс әкімдігі, қазақстандық және шетелдік компаниялар түрлі сала бойынша ірі жобаларды жүзеге асыруға уағдаласқан кезде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиында қамтылған салаларға энергетика, көлік және жол құрылысы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм және әлеуметтік бағыт кіреді.
Мәлім болғандай, Шемонаиха ауданында қуаты 200 МВт болатын екі гидроэлектр станциясының құрылысы жоспарланып отыр. Бұл жобаға 200 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылады. Сонымен қатар «China MCC22» компаниясымен жоғары стандартты ауыл шаруашылығы жерлерін дамытуға бағытталған 107,9 млрд теңгенің жобасы жүзеге аспақ. Өскемен қаласында Серікбаев көшесін Ертіс өзені арқылы көпірмен жалғайтын жаңа жол құрылысы қолға алынады, оған 115 млрд теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, Марқакөл ауданында 62,1 млрд теңгеге жол құрылысы жүргізілмек.
Алтай ауданында қуаты 45 МВт болатын екі ГЭС салу жобасы басталады (45 млрд теңге). Сондай-ақ Шемонаиха ауданында қуаты 87 МВт болатын ГЭС құрылысы жүзеге асырылмақ (87 млрд теңге).
– Туризм саласында маңызды жобалар бар: Катонқарағай ауданында 8 млрд теңгеге қонақүй кешені салынады, Күршім ауданында 7 млрд теңгеге демалыс базасы ашылады. Одан бөлек, осы ауданда 1 млрд теңгенің қалдықтарды қайта өңдеу зауыты іске қосылады, – делінген ақпаратта.
Ауыл шаруашылығы саласында да жаңа жобалар қолға алынуда. Ұлан ауданында 5 млрд теңге инвестиция негізінде ет комбинатының құрылысы жоспарланған. Сонымен бірге ет және сүт өндірісін арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталған ондаған келісім бекітілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жобалар Шығыс Қазақстан экономикасына жаңа серпін беріп, мыңдаған жұмыс орнын құруға, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын едәуір арттыруға ықпал етпек.
Пікірлер