A+ A A-

talgatzhan 38 28-09-2025, 11:00 0

«Өзімді сабайтын адамға не тілеуге болады?» Өскемендегі NAIZA 77 турнирінің баспасөз-конференциясы қалай өтті?

ШҚО / Өскемен

Қыркүйектің 27-cі күні өскемендегі Борис Александров атындағы спорт сарайында жекпе-жек кеші ұйымдастырылды. Шаһар тарихында бұрын-соңды болмаған турнир. Мұны естігені бар, естімегені бар – жастар ұшып-жығылып жетті әуелі. Асығуға себеп бар. UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов, Ерке Есмаханды алып отырған RAIM, бокстан олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев келді. Бірақ жұманың кешінде спортшылар баспасөз-конференциясына қатысып, бірін-бірі сөзден ұстауға тырысып, жекпе-жек алдын бір қыздырды. Алдымен осыған тоқталмақпыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қандай спортшылар келді?

Кешкі сағат 17:00-де қатысушылар С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың әкімшілік корпусына жиналды. Тек қазақ жауынгерлері ғана емес, көршілес елдерден де келген. Жиналыс өтетін залдағы орындықтарды тегіс алып тастапты, жиынға келгендер аяқтарын созып тастап, кейбірі малдас құрып отырды. Сахнаға ұзын үстел қойылды. Сағат 17:20 шамасында NAIZA лигасының президенті Нұрбек Қарабала бастаған жігіттер әралуан әуеннің жетегімен көптің алдына шықты. Көгілдір экран ары жағынан төбелес тамашалап жүргендер Қазыбек Сағын, Еламан Саясатов сияқты жауынгерлерлі жақсы таниды. Шығыс Қазақстанның тумалары Болат Заманбеков, Ерзат Сақабанов, Нарбол Гиминг және басқалары жерлестері алдында өнер көрсетуге әзір жүрген. Бірақ үстел маңына топталғандар басты кардта өзара мықтыны анықтайтын жауынгерлер. Кіріспе сөзді Нұрбек Қарабала алып, промоушндағы жекпе-жектер жыл өткен сайын қызып келе жатқанын айтты. Былтыр желтоқсанда тарбағатайлық Ерзат Сақабанов үштөбелік Ермахан Орынтаевпен күш сынасып, беттерін қан жуып, бойдан қуат кеткенше төбелесті. Қарабала соны ерекше атап өтті. Бірақ жерлесіміз төрешілер шешімімен Орынтаевқа жол берді. Қазақтардың арасында айызды қандырар айқастар тіркелгені, турнир деңгейіне де әсер етеді. Бірақ осы жолы өңір тұрғындары ТМД көлемінде талай жазылушысы (подписчик) бар атышулы Чоршанбе Чоршанбиевтің туған інісі Азизхан Чоршанбиев пен ақтаулық Мейірбек Төлегенов, Зайсанның тумасы Болат Заманбеков пен Қытайдың мықтысы Инь Синьджао арасындағы текетіресті тамашалауға асықты. Ерзат Сақабанов өзбек жауынгері Сирожиддин Бекмуродовқа тосқауыл болуы тиіс. Нұрбек Қарабаланың сөзінше, қазақстандық спортшыларды әлем танып, спорт арқылы ақша табуы үшін балаларды осы бастан спортқа қызықтыру керек. Бос жүріс пен әрекетсіздік қоғамға кесел болуы мүмкін дейді. 
– Көшеде төбелесіп жатқан жастарды көреміз. Сол әлеуетін рингқе шығып көрсетсе, біреудің мықты екендерін дәлелдегілері келсе, шаршы алаңға немесе октагонға шықсын. Егер осы бағытты таңдаса, онда өмірінің бір бөлігін тыңғылықты жаттығуға арнаулары тиіс. Жүрдім-бардым жаттығулармен алысқа бармайды. Тәртіп арқылы ғана ірі жекпе-жектер өткізіп, UFC төрінен шығуға болады, – деді ол.
Осындай жалпылай ақпараттардан соң біртіндеп басты жекпе-жек иелеріне сұрақтар қойыла бастады. Қазыбек Сағын мен Еламан Саясатов Нұрбек Қарабаланың екі жағында отыр. Ертеңгі жекпе-жекке асық болып отырғандары, жойқын соққыларын бір-біріне дарытуға құлшынғандары сөздерінен-ақ байқалады. Қазыбек Жамбыл облысы, Еламан Атыраудың тумасы. Алғашқысы ересектігінен болар, баспасөз конференциясы кезінде Саясатовтың дайындығына сын көзбен қарап, кекете сөйледі.
–    «Еркін күш» спорт клубында оқу-жаттығу жиынынан өттім дейсің. Шынымен дайындалдың ба, әлде таяқ жеп қайттың ба? Осыны нақтылап өтші. «сбордан» өту бір бөлек, таяқ жеу бір бөлек, – деп сұрады сағын.

"Өзің кінәлісің"

Оның осылай сөйлеуінің жөні бар екен. Мұны Нұрбек Қарабала қамтып өтті. Нақты қайсысы екені белгісіз, әйтеуір бір жекпе-жекте жеңген соң Саясатов Сағынды атап, дөрекі түрде төбелеске шақырған көрінеді. Сол дақ Қазыбектің жүрегінде әлі сақталып қалыпты.
–    Иә, осыны түсіндіріп өтейін. Ол кезде жекпе-жек бітіп, эмоциямен солай дедім. Әйтпесе, бөтен ой болмады. Мұны жаныңа жақын қабылдаған екенсің, өзің кінәлісің, – деді Еламан. 
Сөз соңында Сағын қарсыласын турнир болатын кеште тас-талқан етіп ұтатынын, айтқан сөзі үшін жазалайтынын айтты. Оның сөзінше, Еламан муай тай спортынан хабары бар ортаңқол жауынгер. Дәл осы сөзді көптеген лигада заманауиландырып файтер дейді. «Fight» сөзін ағылшын тілінен аударғанда төбелес дегенді білдіреді. Аталған лигада ең жеңіл салмақта басқасынан гөрі атақ-даңқы асып тұрғандар осылар. Демек, ертеңінде болатын кездесу біраз сұраққа жауап беретін сияқты.

Сосын аты шулы ағайындылардың бірі Азизханға да сұрақ қойылды. Өзі Тәжікстанның тумасы, бірақ сұраған адамға кіндік қаны тамған жері Памир деп айтады. Қазір Ресейде тұрып жатыр. Сөз арасында оның менеджері Зафар Амоналишоев жауап беріп отырды. Онлайн сауалда былай деп жазылды: Азизхан, сіз ертең өз салмағыңызда өзіңізге төбелес мәнері бейтаныс қазақ жігітімен шығасыз. Өте тартысты болары сөзсіз. Дегенмен де, ол жігітке айтар тілегіңіз бар ма?
Чоршанбиевке қойылған сауалдар қызықты болды ма, әлде өзі тартымды қылып жауап бере ме, әйтеуір көрермен әр айтқанын жымия тыңдады. Нұрбек Қарабала да оған бұрыла қарап, жалпы баспасөз-конференциясы атаулыға қаншалықты жиі қатысатынын және жоғарыдағыдай, Еламанға айтар лебізі бар ма, жоқ па екенін сұрады.
–    Ертең менімен бір октагонды бөлісіп, мені ұрып, сабайтын адамға не тілеуге болады? Бірақ не болса да, көрген адамның делебесі қозайтындай қызықты айқас көрсетемін. Турнир алдында осындай конференцияларға үнемі шақырады. Ет үйреніп қалған. Ал Өскеменге тоқталсақ, қолайсыз жері сол, бәрі қазақша сөйлейді екен, – деді Азизхан.
Дәл осы сұрақ Еламанға да қойылды. Ол келте қайырды: «бастысы көзіңді жұмба, әйтпесе, соққы өткізіп аласың».
Сосын Чоршанбиевтің менеджері Зафарға сұрақ қойылды. Мәселен, Ресейде осы сияқты жиындар болса, бір-бірінің сөзін көтере алмаған файтерлер атып тұрып, жұдырық жұмсап, аяқпен теуіп, боғауыз сөздерін борататын. Мына жақ қалай десті. Себебі, Өскеменде барынша мәдениетті, тыныш өтті. Зафар бәрі жақсы, қайта жанжалды олар бірінші бастамайтындарын жеткізді.
Ендігі сауал жергілікті спортшыларға бағытталды. Баспасөз-конференциясына Ерзат Сақабанов қатыспады. Есесіне қытайлық жауынгермен төбелесетін Болат Заманбеков отырды. Қарапайым, сабырлы, біртоға жігіт екен. Арық айтып, семіз шығуды жөн көретін сияқты. Оған турнир Шығыс топырағында өткізіліп жатқандықтан, қандай да бір қысым сезіле ме деген сауал түсті.
–    Өзім Зайсанның тумасымын. Ешқандай қысым жоқ. Толықтай дайынмын. Туған-туыстарымнан ағаларым, бауырларым, достарым келеді, – деді Болат. 
Осы кезде Нұрбек Қарабала нақты Зайсан жұртының қолдауын көргісі келіп, ондағы халық санын сұрады. Болаттың сөзінше, қаланың өзінде 40 мыңдай адам бар. Бірақ Қарабала облыс орталығындағы жекпе-жекті көруге келген зайсандықтар саны аз деп топшылап, Болатқа үндеу жасауын сұрады.
–    Зайсанның жігіттеріне айтарым, жұмыстарыңызды тастап, спортшылар мен бауырларыңызды әркез қолдап жүрсеңіздер ғой. Көбі кәсіптің соңына түсіп, шекара маңында тірліктерін жасайды. Небір мықты жігіттер бар ауданда, бірақ спортқа қызығушылық аз, – деді ол.
Негізгі айтылғандар осылар. Қытайлық спортшыға көп сауал қойылмады. Анығы сол, қазір ол жақта мма-ға тәп-тәуір көңіл бөлініп келеді. Ал Инь Синьджао бұл уақытта Болатпен болатын ауыр жекке-жекке өзін іштей дайындап отырған.
Әрі қарай барлық қатысушы реттілікпен шығып, көз түйістірді. Бәрінің көзінде от ойнап тұр. Ендігісі ертең шешілетін еді...
Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив