Бүгін өңір басшысы Ермек Көшербаев Катонқарағай ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды. Оған дейін Данияр Дүйсенбаев Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментін басқарған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Данияр Бекқазыұлы 1979 жылы бұрынғы Семей облысы Шұбартау ауданы Өркек ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті», 2007 жылы Орталық Азия университетін «құқықтану», 2019 жылы Д,Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін «экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек өтілін 1998-2000 жылдары «Тұрмыстық қызмет көрсету үйі» АҚ-да күзетші болып бастаған. Әр жылдары Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің әкімшілік бөлімінің маманы, аталмыш университеттің күзет қызметінің бастығы, Өскемен қаласы әкімдігінің «Іс басқармасы» КМҚК №10 филиалының директоры болып еңбек еткен.
2010-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы әкімшілік бөлімінің бас маман-заңгері, 2012-2013 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, 2013-2014 жылдары Риддер қаласы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы, 2014-2022 жылдары Риддер қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы лауазымын атқарған.
Пікірлер