A+ A A-

talgatzhan 72 Бүгін, 09:30 0

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да өткен форум нәтижесінде студенттік ұйым құрылды

ШҚО / Бүгін

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған ауқымды іс-шара – «Студенттер заң үшін» атты форум өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Шараны облыс прокуратурасы, Өскемен қалалық прокуратурасы, Өскемен қалалық полиция департаменті және Өскемен қалалық әкімдігі тізе қосып, ұйымдастырды. 
– Бұл жиын өңір жастарының құқықтық сауаттылығын көтеруге, олардың қауіпсіздік мәселелеріндегі белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғамда жиілеп отырған әлеуметтік қатерлердің алдын алуға арналған маңызды қадам ретінде бағаланды, – делінген ШҚУ баспасөз қызметі өкілдері.
Форумға  өңірдегі заңдылық, қауіпсіздік және құқықтық тәртіп үшін жауапты мемлекеттік орган басшылары қатысты. Атап айтсақ, Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Жандос Қоныров, Өскемен қаласының прокурорының міндетін атқарушы Әділет Серіков, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Шакиров, Өскемен қалалық полиция басқармасының басшысы Айдын Ботаханов, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ басқарма төрағасы, ректор Мұхтар Төлеген және Шығыс Қазақстан облысының балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Аксана Каленова. Олар жастармен тікелей диалог құрып, олардың сауалдарына нақты әрі түсінікті жауаптар берді. Өз тәжірибесіне сүйенген әр спикер қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңызын, жастардың жеке жауапкершілігін және заң талаптарын сақтаудың қажеттілігін ерекше атап өтті.
Форум барысында қала қауіпсіздігіне қатысты өткір мәселелер жан-жақты талқыланды. 
– Жастардың күнделікті өмірде және интернет кеңістігінде жиі кездесетін қауіп-қатерлерін түсіндіру, оларды болдырмау жолдарын нақты мысалдармен көрсету – кездесудің негізгі бағыты болды. Қазіргі ақпараттық дәуірде фейк жаңалықтар мен манипуляциялар, әлеуметтік желілердегі деструктивті қозғалыстар ықпалы, алаяқтықтың күрделі әдістері, жастарды қылмыстық әрекеттерге тарту сынды жайттар қоғамда өзекті мәселеге айналғаны белгілі, – делінген ақпаратта.
Осыған орай форумда интернет-алаяқтық, дропперлік схемалар, есірткі айналымындағы жасырын «қоймалар», лудомания, онлайн ойындарға тәуелділік, буллинг пен кибербуллинг сияқты қауіптер кеңінен талданды.
Форум нәтижесінде жастар бастамасымен әрі мемлекеттік органдардың қолдауымен «Заң. Тәртіп. Болашақ» студенттік ұйымы құрылды.
– Бұл ұйымның мақсаты – студенттердің құқықтық мәдениетін нығайту, қауіпсіздік саласындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тұрақты іс-шаралар ұйымдастыру. Жаңа ұйым жастарды қоғам қауіпсіздігін сақтауға жұмылдыратын маңызды алаң болмақ, – деді ұйымдастырушылар.
Аталған форумды өткізіп, жастар бастамаларын дамытуға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қолдауын аямайды. Алдағы уақытта да өңір жастарының қауіпсіз, саналы және жауапты буын болып қалыптасуына барынша үлес қоса бермек.

Фото: ШҚУ баспасөз қызметінен

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив