А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Тәуелсіздік – қасиетім, қастерлім» атты желтоқсаншылармен кездесу кеші өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесу ерлікпен қаза тапқан ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Шара шымылдығын ашқан «Желтоқсан-86» ҚБ төрағасы Марат Рамазанов желтоқсан оқиғасы тарихына байланысты естеліктерімен бөлісті. Сол кездері өрімдей жас болып, оқиғаға қатысқан Ерболат Әлпиев, Роза Раисова, Гүлнар Абетаева, Бақытгүл Бакужанова, Өмерлен Ақшабақов, Өміржан Шакаев сынды желтоқсаншы аға-әпкелер жастарға ағалық ақылдарын айтып, ақ баталарын берді.
Шарада тақырыпқа сай тарихи видеолар мен бейнематериалдар көрсетілді. Өнер мұражайының әншісі Құндыз Мұқиятқызы «Желтоқсан желі» әнін орындаса, Ұлпан Қанатқызы, Нұрболат Алпамыс сынды жастар жүрек тербетер өлеңдер оқыды. Ал, Нұрорда мектеп-лицейінің 2-сынып оқушысы Айсұлтан Құмарқанов рухты ән орындап көреремен көзайымына айналды.
– Сонымен қатар қатысушылардың тарихи білімдерін тереңдету мақсатында викториналық ойын ұйымдастырылды. Желтоқсан ардагері Рамазанов Марат ағаға арналған «Тосын сұрақ» айдары өткізілді, –деді ұйымдастырушылар.
Кеш соңында желтоқсан ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Бұл кеш - тәуелсіздіктің қадірін терең ұғындырып, елдік рухты асқақтатқан мәнді де мазмұнды жиын болды.
Пікірлер