ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері өңірде микробиологиялық көрсеткіштерге 1584 ауыз су сынамасы зерттеуден өткен, оның 65-і гигиеналық нормаларға сәйкес келмеген, деп хабарлайды Buqara.kz айтының тілшісі.
Ресми мәлімет бойынша, нормадан тыс микробиологиялық көрсеткіштер Өскемен қаласында, Алтай, Глубокое, Күршім, Зайсан және Шемонаиха аудандарында анықталды.
- Зерттеу нәтижесі жалпы микробтың мөлшері нормадан көп екендігін көрсетті. Бұл 1 миллилитр судағы микроорганизмдердің жалпы саны. Анықталғандай, микроорганизмдер патогенді емес, дегенмен микробтардың көбеюі бактериялардың патогендік формаларының дамуына жағдай жасайды, - деп түсіндірді департамент мамандары.
Жалпы микроб мөлшерінің арту себебі - орталықтандырылған желілердегі жөндеу жұмыстары, су қоймалары мен орталықтандырылмаған су көздерінің тасқын сумен ластануынан болуы мүмкін.
- Сумен жабдықтау жүйелерін реттейтін шаруашылық ұйымдарына аталған мәселе бойынша ұсыныс хаттар жіберілді. Бүгінде ұйымдар санитарлық-профилактикалық іс-шаралар жүргізуде, - делінген Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті берген мәліметте.
Мамандар бақылау сынамаларын алған кезде нормадан ауытқуды анықтамаған. Санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша облыста 1822 сынама зерттелді. Олардың 55-і талапқа сай емес.
- Сынамаларды алу Күршім және Шемонаиха аудандарында жүргізілді. Шаруашылық ұйымдар дезинфекция жасап, желілерді тазартты. Сынаманы қайта зерттеу барысында бұл аймақтарда ауызсу талапқа сай екендігі анықталды, - деді мамандар.
Пікірлер