Белгілі көкпаршы, «Әулие-ата» командасы жетекшісінің сөзінше, өңірде ұлттық спорт әлеуеті жоғары. Бірақ қазір нәтиже төмендеп кеткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ол бұл туралы жуықта Дала дүбірі ютуб арнасына берген сұхбатында айтты. Былтыр күзде өткен «Ақбидай» ауыл спорт ойындарында Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарынан апарылған аттар көпшілік назарын аудартқан көрінеді. Мұны Нұрдәулет Момынов та атап өтті.
– Сол жарыста Абай облысының төрт атын көрдік. Жекпе-жекке шығарылды. Шетінен мықты, бірақ шабандоздар серкені ала алмай қалды. Әйтпесе, төртеуі де жата-жастана тіресті. Мен сол аттарды көріп риза болдым. Небір қылқұйрықты бар екен. Егер оларды әрі қарай шыңдап, жұмыс істейтін болса, кез келген атыңды тас-талқан етеді. Шабандозы келіспей тұр. Бізде баяғыда жекпе-жекте Ақжал деген ат болған. Ұлттық құрамаға да көп пайдасын тигізді. Лазермен кәдімгідей тірескен. Сол Шығыс Қазақстаннан шыққан, таза Тарбағатайдың тұқымы. Жалдас келген, мойны жуан. Мен деген «БТР-ды» (қырғыздың әйгілі көкпар аты) да алған сәттері болды. Ахиллеспен шыға қоймады ғой деймін, – деді ол.
Нұрдәулет Момыновтың сөзінше, Шығыс Қазақстанда көкпардан ішкі чемпионат құлдырады. Әйтпесе ондағы деңгейдің жоғары екенін жасырмады.
– Бір қызығы, бұл жақтың жігіттері үшін ел чемпионатынан гөрі, облыс біріншілігі маңызды. Сол қызығырақ. Өзара қатты тіреседі. Бұған дейін Шығыс Қазақстан мен Абай облысы бірігіп тұрғанда бір жарысты барып тамашаладым. Аудан да көп. Сонда бірінен бірі өткен жекпе-жек аттарын көрдім. Оларда облысты жеңсе болды. Басқа атақ керек емес. Бірі Күршімді ұттық, бірі Тарбағатайды жеңдік деп бәсекелестікті арттырады, – деді Нұрдәулет Момынов.
Танымал көкпаршы ойын түйіндей келе жекпе-жек аттары шықса осы өңірден шығатынын тағы бір еске салды
– Ол жақтың чемпионаты болмай кетті, өздері чемпионатқа қатыспай кетті. Ұлттық спорты төмендеді. Көп жарысқа қатыспай, осы жолғы Ақбидайға келіп бақ сынады. Абай облысының өз еншісін алған. Сонда көрдік, керемет аттар бар. Олармен ары қарай жұмыс істеп, жекпе-жекке үйретсе, бәрі жарап тұр. Біз де дайындаудамыз, бірақ ойдағыдай болмай жатыр, – деді Момынов.
Нұрбек АСҚАРОВ (Фото: kurmanbaev.vv)
Пікірлер