Мамандар бұған қатысты бос жұмыс орындары бар екенін, бірақ көбі еңбектенуге ниет білдірмейтінін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасында өткен жиында тақырып өзегі осы болды. Жауапты тұлғалар сөзінше, мемлекет тарапынан әр жылы бірнеше бағытқа субсидия бөлінеді. Оған жастар практикасы, «Күміс жас» жобасы және бірқатар қоғамдық жұмыс жатады.
Өтінім беру үшін кәсіпкерлер алдымен enbek.kz деген еңбек биржасына тіркелуі керек. Әрі қарай өтінім береді. Ол жерде еңбек ұтқырлығы орталығы барлығын қарап шығып, жұмыс орнын дайындап отырғандардың тізімін шығарады. Өңірдегі Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанованың сөзінше, бұған кемі бір жыл жұмыс істеген, салық төлемдері бойынша берешегі жоқ жұмыс берушілер қатыса алады.
- Биыл облыста субсидия бөлінген 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жұмыс берушілер қандай мамандар қажет екені туралы ақпаратты enbek.kz сайтында үнемі жаңартып отырулары тиіс. Сол арқылы Мәнсап орталығындағылар жұмыс іздегендерді бізге жібереді, - деді ол.
Дегенмен кәсіпкерлердің осыған дейін өтінімдер бергені, бірақ қаржыландырудың болмауынан оның мақұлданбағаны белгілі болды. Өңірдегі Сауда кәсіпорындары қауымдастығы өкілдерінің сөзінше, сауда-саттық бағытында 1000-нан астам жұмыс орны бар. Олар жұмыссыз жүргендерді еңбекпен қамтып қана қоймай, жұмыс орнында білгендерін үйретуге ниетті. Өкініштісі сол, кей адамдардың дәл осы бағытқа келгенде кегежесі кейін тартатын көрінеді.
Фотосурет Liter.kz сайтынан
Пікірлер