A+ A A-

talgatzhan 0 13-02-2026, 21:30 0

ШҚО жастарының қалауы не? – Нұрымбет Сақтағанов ұсыныс-тілектерін тыңдады

ШҚО / Өзекті мәселе

Облыс әкімдігінде өткен жиында белсенді жастар мен әр саланың үздіктері аймақ басшысына көкейдегі сұрағын қойып, жастарды қайтсе ынталандыруға болатынын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиын бастала сала кезекті тағайындаудың куәсі болдық. Қалалық мәслихат депутаты Бақытжан Ерболова осы күннен бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жанынан құрылған Жастар ісі жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары болды. Бұл ғана емес. Ол міндеттерінен бөлек, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі және «Ұлағат» жастар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры.
Дөңгелек үстел барысында Нұрымбет Сақтағанов Жастар ісі жөніндегі кеңес ел тағдырына әсер ететін тарихи кезеңде өткізіліп жатқанын жеткізді. 
– Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15-ші наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа Конституция жобасын талқылап жүргендеріңізден хабардармын. Осы және басқа да сұрақтар бойынша өздеріңіздің қояр сұрақтарыңыз болса, ашық айта берсеңіздер болады, – деді әкім.
Әрі қарай сөз Жастар ісі жөніндегі кеңес хатшысы Еркебұлан Балтабековке берілді. Ол алдымен статистикалық ақпараттарға тоқталды. Сөзінше, аталған кеңеске 27 адам мүше. Көбі жастар ұйымдарының басшысы, әрі жоғары оқу орындарының белсенділері. Жастар ассамблеясы мүшелері мен БАҚ өкілдері де бар. Төраға орынбасары болған Бақытжан Ерболқызының сөзінше, Жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша алдағы уақытта көпшілікке түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осы жағын ескеріп, әріптестерінен белсенділік күтетінін жеткізді. Әрі қарай сөз алған журналист Санат Құмарбеков қазір жастар үшін баспана мәселесі өзекті екенін алға тартты. Көп өңірде түрлі қолжетімді бағдарлама бар екенін мысал етіп, Шығыс Қазақстан көлемінде «Отбасы банк» арқылы баспана алудың оңтайлы әдістерін енгізуді сұрады. Нұрымбет Сақтанов осымен үндесі «Шығыс маманы» бағдарламасы 2024 жылдан бері аймақта жұмыс істеп келе жатқанын алға тартты. 
 – Мұны Экономика және Энергетика басқармасына өзге өңірлердегі жағдайды зерделеп, толық сараптама жасауды тапсырамын. Мүмкін «Отбасы банкімен» бірлесіп, жеңілдетілген ипотекамен жаңа бір бағдарламаны жүзеге асырамыз. Орынды сұрақ. Бұл бағдарлама негізінен көптеген салада еңбектенетін жастарды үймен қамтуы тиіс, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Белсенді жастардың бірі оларға кәсіп ашу үшін жеңілдетілген несие берілуін сұрады. Нұрымбет Сақтағанов осы туралы толық ақпарат ұсынылуы үшін Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова сөзге тартты. Басшының сөзінше, 2024 жылы осы бойынша 246 несие беріліпті. Қаржы республика бюджетінен бөлінетіндіктен 2025 бұған тоқсауыл қойылыпты. Әзірге белгісіз. Бірақ басқарма тарапынан хат жолданған. 
– Қазір өңірдегі Жастар саны – 170 мыңнан асады. Оларға берілер білім де сапалы болуы керек. Біздегі үш іргелі оқу орны бар. Кәсіп ашқысы келген жастарға несиелер беріледі. Кейбір колледжер мектептермен тығыз байланыста. Сол арқылы ұл-қыздарымыз мектеп қабырғасында-ақ мол тәжірибе жинақтай алады, – деді әкім.
Анығы сол, аймақ басшысы жастармен тоқсан сайын жүздесуді жөн санады.

Асыл АЙТБАЕВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив