Қалтасы қалың шенеунік, қалжыраған қарт, ашынған халық, әділетті Фемида – осының бәрі еліміздегі жемқорлыққа қарсы С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттерінің қылқаламмен бейнелеген жұмыстарынан көрініс тапқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен жоғары оқу орнында облыстық «Адалдық – адамзаттың бейнесі» атты «Адалдық сағаты» өтті.
ҚР Жемқорлыққа қарсы қызметтің 10 жылдығына орай ШҚУ студенттері арасында бейнелеу өнері көрмесі ұйымдастырылды. Дарынды студенттер жемқорлықсыз әлемді, қоғам «дертімен» күресті және жемқорлықтың салдарын бейнеледі.
- Студенттер жемқорлық қылмыстарының өзекті мәселелерін презентациялады. Бұл күрделі мәселені шешу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, қазірден бастап қоғамға пайдасын тигізе алатын өскелең ұрпақтың да үлесінде. Мәселен, жемқорлыққа қарсы бағытталған жобалар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, форумдар, жемқорлыққа қарсы науқандар мен зерттеулерге қатыса алады, - деді ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшісі Денис Шакенов.
Комиссия мүшелері 86 шығармашылық жұмысты қабылдады. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен 100 000, 75 000 және 50 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар табысталды.
- ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментімен серіктестігіміз бірнеше жылдан бері жалғасуда. Біздің ЖОО жастардың арасында жемқорлыққа қарсы құндылықтарды дәріптеп келеді. Ал түлектеріміз сауатты, кәсіби қызметкерлердің қатарын толықтыруда, - деп атап өтті ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Шара соңында жемқорлыққа қарсы студенттермен бірге ашық алаңда ой бөлісіп, фото-челлендж ұйымдастырылды.
Пікірлер