
«Кезінде өзім құтқарған бала ержетіп, тойына шақырды»
Күршім ауданында құтқарушы болып жұмыс істейтін Нұржан Жолжақсынов суға батып бара жатқан талай адамды аман алып қалған. Биыл да Бұқтырмада 13 жастағы жеткіншекті құтқарып қалғаны бар. 19 қазан - Құтқарушылар күніне орай оны әңгімеге тартып көрген болатынбыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Құтқарушы болып жұмыс істеп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?
- Шынымды айтсам, бала күннен осы мамандықты таңдаймын деп ойламадым. Жұмысқа адам қажеттігін естіп қалып, неге істеп көрмеске дедім. Ең әуелі сүңгуірші болып жұмысқа тұрдым. Сол кезде 26 жаста едім. Одан бұрын әскери салада, құрылыста жұмыс істегенім бар.
Басында жұмыс ауырлау болды. Осындағы тәжірибелі адамдар, аға буын өкілдері ақылдарын айтып, көп дүниені үйретті. Күн өткен сайын ақырындап қалыптасып, төселіп кеттік. Сүңгуіршінің міндеті - суға батып кеткен адамдарды іздестіру. Тек адам емес, Күршімдегі Бұқтырма су қоймасына қыс кезінде техникалар мұз астына түседі. Сол кезде бізді шақыртып жатады. Ал құтқарушы болып 2015 жылы ауыстым. Бірақ қызмет атауы ауысқанымен біздің негізгі міндетіміз өзгерген жоқ. Жағалаудағы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, суға батып бара жатқан адамдарды құтқарамыз. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз. Сонда жалпы осы салада жүргеніме 30 жылға жуық уақыт болыпты.
- Ең алғаш шақыртуға барған сәтіңіз есіңізде ме?
- Иә. Бір адам суға батып кетіпті. Ол кезде жаспын ғой. Ағалармен бірге жолға шықтық. Сәл-пәл уайым болды. Үйренуден тайынбай, әр айтқанды екі етпей жүрдім. Белгілі болғандай, ер адам Ертіс өзенінің шомылуға болмайтын учаскесінде суға түскен. Арнайы киімізді киіп, жабдықтарды асынып, іздестіру жұмыстарына кірістік. 3 күннен кейін марқұмның денесін таптық.
- Биыл Бұқтырма су қоймасына батып бара жатқан 4 баланың бірін құтқарып қалдыңыз. Сол оқиға жайлы айтып берсеңіз…
- 10 маусым күні 3 адам Күршімнен Самар ауданына қарай жұмыс бабымен келе жатқанбыз. Арғы бетке жете бергенде халықтың у-шу болып жатқанын көрдік. Сөйтсек, балалар суға батып барады екен. Біреуін көріп қалдым. Лезде құтқару кеудешесін киіп, құтқару шеңберін суға лақтырып, сол жерге жүзе жөнелдім. Сөйтіп, 13 жастағы жеткіншекті судан алып шықтым. Әсет Тұрсын және Саян Ерназ есімді екі әріптесім мен сол маңда жүрген азаматтардың бірі қалған балаларды құтқарып қалды. Кейін анықталғандай, Бұқтырманың су деңгейі төмендегендіктен жағадан 500 метрдей жерде ескі паромның темірі су бетінен көрініп қалған. Ата-аналарының қарауынсыз шомылуға келген балақайлар темірге жүзіп жетпек болыпты. Бірақ қатты жел соғып, жете алмай, суға бата бастаған. Әйтеуір дәл осы мезетте біз келіп қалдық.
- Осыған дейін өзіңіз адам жанын ажалдан арашалап қалған басқа оқиғалар болды ма?
- 2001 жылы екі ағайынды бала суға батып бара жатты. Бірі 8, екіншісі 10 жаста. Бірден көмекке ұмтылдым. Біреуін алып шығып, әріптесіме бердім. Екіншісіне бара жатсам, мүлде көрінбейді. Судың астына кетіп қалыпты. Іздеп жүрмін. Бір уақытта таяқ тастам жерде ағып бата жатқанын байқап қалдым. Жүзіп барып, оны да жағаға жеткіздім. Көзі жұмулы, су жұтып қойған. Алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін есін жиды.
Ол екі бала Күршім ауылында тұрады. Әке-шешесі ерте қайтыс болып, жастайынан жетім қалып, әкелерінің туған апайының қолында өскен екен. Сол күні балық аулап отырған. Кенет біреуінің аяқ киімі суға ағып кетіпті. Соны алып шығамыз деп суға түскен. 8 жастағы бала бұл оқиғаны ұмытпапты. Арада талай жыл өткенде ат жалын тартып мінер жігіт болып өскен ол мені үйлену тойына шақырды. Өкінішке қарай белгілі бір себептермен тойға бара алмай қалдым. Бәлкім, ел алдында рахметін айтқысы келген шығар. Ізгі ниетіне рахмет! Ең бастысы аман, сау-саламат жүргей.
Жалпы суға батып жатқан адамды құтқарып қалған басқа да оқиғалар болды. Соның ішіндегі ең әсерлісі осы.
- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз…
- Әйелім, 3 балам бар. Екі ұл, бір қыз. Үлкен ұлым шаңырақ көтеріп, екі немере сүйгізді. Жұбайым орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Балаларым басқа салада. Немерелерімнің бірі атам сияқты құтқарушы боламын десе еш қарсылығым жоқ. Қай саланы таңдаса да тек бақытты болсын деймін.
- Жұмысқа жаңадан тұрған жас құтқарушыларға қандай кеңес беріп жатасыз?
- Тиянақты болуға шақырып, жұмыстың жауапкершілігін түсіндіремін. Бізге ең қажетті қабілеттердің бірі — шыдамдылық. Қандай жағдай болмасын төзімділік танытуымыз керек. Одан кейін әр түрлі адам кездеседі. Бірі қолдап жатса, екіншісі көмектесуге келген бізге айқайлап, кедергі келтіреді. Сондай кезде сабыр сақтай білуіміз қажет. Құтқарушылар арасында үнемі бірлік болуы тиіс. Себебі «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтылмаған.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер