A+ A A-

talgatzhan 21 Кеше, 18:10 0

Тарбағатай ауданында әлеуметтік нысандар жаңғыртылуда

Бүгін / Тарбағатай

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы ауруханаға барды. Биыл медициналық мекеменің инженерлік желілері мен мәйітхана ғимараты толық жаңартылып, емхана бөлімшесі күрделі жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ауданда стационарлық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын ашу мәселесі қарастырылуда. Аталған жоба бұрынғы фтизиопульмонологиялық аурухана ғимараты базасында жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда нысан толық санитарлық-дезинфекциялық өңдеуден өтіп, медициналық және әлеуметтік бағытта пайдалануға жарамды деп танылған.

Жаңа орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, психоневрологиялық сырқаты бар балалар мен ересектерге, ұзақ мерзімді оңалтуды қажет ететін тұрғындарға кешенді қызмет көрсетуге бағытталады.

Сондай-ақ аймақ басшысы «Amanat» партиясының Тарбағатай аудандық филиалының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Жалпы аумағы 38 шаршы метрді құрайтын жаңа кеңсе қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Одан соң Нұрымбет Сақтағанов аудан жастарымен кездесіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

- Жастар Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқандай «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» болуларыңыз керек. Сол үшін тынбай еңбектеніп, өздеріңізді дамытып, білімдеріңізді арттыра беріңіздер. Себебі ел болашағы сіздердің қолдарыңызда, - деді ол.

Әкім Ақжар ауылындағы Абай орта мектебіне де барып, «Күншуақ» жазғы лагерінің ашылуына қатысты. Бұл мектептен академик Қанипа Бітібаева білім алып шықса, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Қасым Қайсенов басшылық еткен. Қазіргі таңда онда 750-ге жуық оқушы білім алады. Мектеп инфрақұрылымы заман талабына толық сай жаңғыртылған. 

Онда STEM зертханасы, телестудия, ART-студия, лингафон кабинеті, педагог-психолог және дефектолог кабинеттері, көркем еңбек шеберханалары, ата-аналарды қолдау орталығы мен заманауи оқу кабинеттері жұмыс істейді.

Аймақ басшысы мектеп телестудиясының шәкірті Нұрым Ертайұлына сұхбат беріп, ізгі тілегін жеткізді. 

 

Ақпарат және фотосурет: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив