Биыл өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен салық көлемі 114,1 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ольга Григорьеваның айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,4%-ға жоғары.
– Салық түсімдерінің өсуі – іскерлік белсенділіктің артуы мен мемлекеттік бағдарламадан қолдау тапқан кәсіпкерлік жобалардың қаржылық тұрақтылығының белгісі, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар шағын және орта бизнестің (әрі қарай ШОБ) негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 31%-ға артқан. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 326,1 миллиард теңгеге жетті.
ШОБ секторында өндіріс көлемі 828,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,7%-ға өсті. Өнімнің нақты көлем индексі 105,6%-ға жетіп, өндіріс саласындағы нақты өсімді көрсетіп отыр. Мұндай нәтижелер «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және аймақтық «Ақ-Ниет» бағдарламалары аясындағы кешенді қолдау шараларының арқасында мүмкін болды.
Пікірлер