A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 10:20 0

Риддерде «Ата-мұра» ұлттық спорт ойындары өтті

Бүгін / Риддер

Табиғаттың тұла бойы құпия ғой расымен. Қоғам мен қалың жұртты елең еткізер талай жаңалықтың куәсі атанып, төңірекке қызықтай қараған адамдарды алуан оңайға жетелейді. Бір жылдары тұлпар дүбірі анық естіле қоймаған түкпірде былтырдан бәсі жоғары бәсекелер қолға алынып келеді. Жазығында жүгірген тазы, аршындай шапқан жүйріктер мен алп-алп басқан балуандар белдесуі – көз тіккен адамға қазақы болмысты басқа қырынан көрсететіндей. Күні кеше Риддерде өткен «Ата Мұра» ұлттық ойындары көпшілік жадында әлі ұзақ сақталатыны сөзсіз.

Бәрін бәсеке көрсетеді

Ауқымды шара 5-6 маусым аралығында өтті. Биыл екінші рет қолға алынды. Ұйымдастырылу деңгейі хақында әркім пікірі әртүрлі. Тағы бір айта кетерлігі, биыл бұл шара Риддердің 240 жыл меретойымен тұспа-тұс келді. Соған сәйкес ұлттық спорттан бөлек, танымал әншілер келеді деген аңдатпаның да жарияланғаны бар. 
Қарлы таудың етегінде тігілген ақшаңқан киіз үйлер, сауда қатарлары мен дәмханалар мерекенің сәнін келтірді. Келушілер ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің ерекше бұйымдары мен кәдесыйларын тамашалады. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар жиналды. Атап айтсақ, Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Қостанай, Рудный қалаларынан, Жетісу және Абай облыстарынан мыңды жығатын батырлар келді. Сондай-ақ Тарбағатай, Күршім, Ұлан аудандары мен Өскеменнен келген қатысушылар да ұлттық спорт мәртебесін асқақтатты. Шаһар басшысы Думан Рахметқалиевтің сөзінше, ойындарды қала мерейтойымен тұспа-тұс өткізу дұрыс шешім болған.
– Ұлттық спорт түрлері – халқымыздың қанына сіңген құндылық. Сондықтан біз оларды балаларға, жастарға, тіпті шетелден келген қонақтарға таныстырғымыз келді. Бұл жарысқа Шығыс Қазақстаннан бөлек, Маңғыстаудан, Шымкенттен, Алматыдан және еліміздің өзге де өңірлерінен спортшылар мол жиналды. Кейбірі біздің қалада халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізгісі келетінін де білдірді. Бұл өте қуанышты жағдай. Өйткені Риддер негізінен қысқы туризммен танымал болса, осы ойын арқылы жазда да демалуға болатынын көрсетуге болады. Оған қоса, ол өзіміз үшін де қажет. Қаладағы тамаша қонақүйлер, мейрамханалар мен туристік нысандар жаз мезгілінде де жұмыс істеуі керек. Ал біз өз тарапымыздан оған барынша қолдау көрсетеміз, – деді ол.
Қала әкімінен жарыс қожайындары, яғни риддерліктер бәсекенің қай түрінен топ жаруы мүмкін екенін сұрадық. Думан Есдәулетұлы «бәрін сайыс көрсетеді» деп қысқа қайырып, арық айтып, семіз шығуды жөн көргендей. Олай деуінде бір мән жатқандай. Себебі, соңғы жылдары бұл жақта қазақ күресі де біршама еңсе тіктеп үлгерген. Осылай көкейде қордаланған сауалдарды қойып жатқанда қайдан екен белгісіз, сұқсыр үйректің баж еткен дауысы ойымызды басқа арнаған ойыстырып әкетіп, сұрақ тәмам болды. Кенді қаладағы Ұлттық ойындарда үздіктер шырға тарту, арқан тартыс, қазақ күресі, садақ ату, көкпар бойынша анықталды.

«Толағайлар» тартысы

Жауырыны қақпақтай жігіттер қатысқан «Толағай» жарысы өз алдына жеке тақырып етіп жазуға татитындай. Бұл жерде төзім де, ептілік те, мінез де сыналады. Көпшілік күршімдік Темірлан Кенжехановтың өнерін тамашалауға келгендері жасырын емес. Бірақ оған төтеп берер сайдың тасындай іріктелген мықтылар аз емес еді. Олар қарапайым адамның қолынан келмейтін ауыр заттарды көтеріп, тасып, сүйреп, басқа бір ғаламшарда жүлде орындарды сарапқа салғандай болды.
– Риддердің мерейтойына арнайы келдік. Біз бұл қаланың табиғатына, қонақжайлығы мен мейірімділігіне ризамыз. «Толағай алыптары» сайысында Қазақстанның ең мықты адамы анықталады. Қатысушылардың еліміздің түкпір-түкпірінен келгені белгілі. Әлем чемпионатын да осында өткізуді ұсындық, қала әкімі бұл идеяны толық қолдады. Алдағы уақытта барлығын жүйелеп, ұйымдастыратын боламыз. Мереке құтты болсын, Риддер, жеңіс үшін күресте баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді үш дүркін әлем рекордының иегері және «Толағай алыптары» жобасының негізін қалаушы Тимур Спатаев.
Тұлғалы жігіттердің балалар мен ересектер тиелген арбаларды көтергені қонақтар мен тұрғындарды таңғалдырмай қоймады. Ұлттық спорт түрлері 5-маусымда бөгеуін ағытқан болатын. Ертесінде, сенбінің талтүсінде аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы барып, ойындарды тамашалап, спортшыларға қолдау білдірді. Айта кету керек, қонақтар да білек күшін байқатып, ауыр заттарды көтеріп көрді. Мәселен, білекті жазған күйі 25 келілік қылышты кім ұзақ уақыт ұстап тұрады деген сұрақ туындап, жігіттер бақ сынап көрді. Солардың ішінде 11 жасар Макарий Дорошенко көзге түсті. Ол қылышты екі қолымен 38 секунд ұстап, рекорд қойды.
– Бұл салмақ мен үшін қалыпты. Бұрын шаңғы тебетінмін, қазір де жаттығуымды үзбей келемін. Бірақ бәрінен бұрын велосипед жөндеуді жақсы көремін. Әкемнің шеберханасы бар, сол жерде сэндвич-панель жааймыз. Сондықтан бұл сайыс қиын болмады, – деді ол.
Ата-Мұрадағы ең әсерлі және тартысты жарыстардың бірі аударыспақ болды. Шығыс Қазақстанда спорттың бұл түрі біршама дамып үлгерген. Ұлан ауданындағы Жәпішевтер әулетін айтсақ жетіп жатыр. Жұмабек Жәпішев, ұлы Ермек Жәпішов құрлықты мойындатқан балуандар. Ат үстіндегі тартыс, қарсылас қателігін аңдып, айлаға басу – аударыспақтан алдын ала құрылатын әдепкі тактика. Мінген қылқұйрықтының көнбістігі де көп көмегін береді. Аптап адамды діңкелетердей болса да, ат тұяғының дүбірі мен шабандоздардың айбынды айқайы көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Шығыс Қазақстанның тоғыз ауданы мен Қазақстанның төрт қаласынан қырық спортшы күш сынасты. Салмақ дәрежесі бірнешеу. Мана айтқан Ермек Жәпішевтің өзі емес, осы жолы ұлы қарсылас шақ келтірмеді. 
– Аударыспақ ойыны 70% жылқыға, 30% шабандозға байланысты. Мен төрт жасымнан бері жаттығып келемін. Бұған әкемнің қосқан үлесі де ерекше. Ол  10 дүркін Қазақстан, үш дүркін Азия және әлем чемпионы Ермек Жәпішев. Әкемнің үмітін ақтау үшін жеңіске жету керек болды, – дейді Алғабас ауылынан келген жеңімпаз Бахтир Жмайлов.

Шырға тартудағы шиеленіс

Айта кету керек, спорттың бұл түрінен Ұлан ауданынан 30 Қазақстан чемпионы шыққан. Аударыспақтан бөлек, көкпар мен бәйге жарыстары да қызықты, көңілді өтті. Қайыс қамшысын тістеген күйі алға ұмтылған жігіттер бұрынғы заманның батырларынан аумайды. Иә, күн де ыстық. Көкпаршылар тез ентігеді, тез шөлдейді. Үзіліс алғандары бел литрлік пластмасса бөтелкені жоғары көтеріп, суды қомағайлана жұтты. Сәл тыныққан соң қалып топқа қайта қойып кетті.
Мұнымен қатарласа өтіп жатқан қазақ күресін де тамашалап үлгердік. Ар-намыс, төзімділік және спорттық шеберлік басты назарда болған күш сынасуы да көрерменнің назарынан тыс қалмады. Әр түрлі жас пен салмақ санатындағы балуандар жоғары деңгейдегі дайындықты, тактикалық ойлау мен қарсыластарына деген құрметті көрсетті. Әрбір жекпе-жек қарқынды өтті. Аударыспақта ұландықтар озық шықса, бозкілемде тарбағатайлықтар мерейі үстем болды.
Ал «Қалқан» дәстүрлі садақ ату турниріне шамамен 70 садақшы келді. Жарыс деңгейі біршама жоғары деңгейде өткендей. Спортшыларға қойылған басты талаптардың бірі сол, ұлттық киім кию. Әрине, айқын жеңіс үшін өткір көз, дәлдік, шыдамдылық қажет.
– Шығыс Қазақстан құрамасының барлық мүшесі Риддерге келе алмады. Себебі, алты садақшы Түркияда ел намысын қорғап жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Олжас Дюсупов есімді садақшымыз 2-орын иеленді. Қазір отбасым маған қолдау білдіріп, менің жеңісімді тілеп отыр. 1/8 финалға шықтым. Негізі садақ атумен үш жылдан бері айналысып келемін. Республикада және Азия ойындарында жүлделі орындарға ие болдым, – деді Өскеменнен келген садақшы Эльдар Мұхаметқазин.
Тазылар сынға түскен жарыс та көпшілік назарын аударды. Шырға тарту бәсекесі республиканың әр түкпірінде өткізіледі. Көп жағдайда 800 метрді бағындырулары тиіс. Алдымен көлікке түлкінің терісін ілінеді. Сосын ол сағатына 60-80 шақырым жүреді. Қоршаудан суырылып шығып, теріні бірінші тістегені жеңеді. Алматылық Құндыз Бошеғұлова өзінің тазысы «Аққызбен» мұнда арнайы келген. Құндыз негізінен жылқы баптаған, бірақ бір жыл бұрын тазыл баптауды да қолға алды.
– «Аққыз» есімді тазым махаббатқа, достыққа, сұлулыққа және демалуға құмар. Одан бөлек «Тарлан» есімді тазы итті де алып келдік. Негізі жарыс десе, соның құлағы елең етеді. Келесі кезек сонікі. Риддерде жарыс болады дегенді естіп, келуді жөн көрдік. Жол бойы тұмса табиғатқа тамсанып келдік. Шараның ауқымы да таңғажайып! Риддер енді біздің мәңгілік махаббатымыз. Келіп тұруға тырысамыз, – деді Құндыз. 
Ал Алматы облысының Іле ауданынан келген Айдын Құдайбергенов өзінің «Толдыр» атты тазысы үздік шыққанын мақтанышпен жеткізді.

«Риддер-1» «Ұлытауды» ұтты

Ал арқан тарту сайысында Риддер спортшылары қарсыластарына дес бермей, жеңіске жетті. Кенді қала намысын арқалаған жігіттер жуықта ғана Қырғызстанда өтетін Көшпенділер ойындарына жолдама алып, ел намысын аспандатып қайтқан-ды. Жігіттер бабында. Жарыс нәтижесі бойынша, 3-орынға «Риддер-2» ие болса, 2-орынды «Ұлытау» командасы қанжығасына байлады. Ал жүлделі 1-орынды «Риддер-1» командасы жеңіп алды. Былтыр «Ұлытау» жігіттері топ жарған болатын. Бұл жолы жарыс қожайындары есе қайтарды.
«Ата мұра» ойындары спорттық бәсекемен ғана шектелмей, халықтың бірлігі мен ұлттық рухын нығайтқан үлкен мерекеге айналды. Ұлттық спортты ұлықтаған айтулы дода қатысушылар мен көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, достық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті. Ал кешке Мәдениет үйінің алдында «Риддер – 240» атты мерейтойға орай ауқымды концерт өтті. Концерттік бағдарлама «Ата-Мұра» ойындарының жеңімпаздарын марапаттаумен басталып, әрмен қарай әуезді ән, көңілді бимен жалғасты. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен кубоктар табысталды. Шара барысында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов риддерліктерді мерейтоймен құттықтады.
Жүргізушілер – белгілі әзілкештер Нұрдәулет Шертім мен Құмар Лұқманов. Ал отандық жұлдыздардан Анара Батырхан, BAYANSULU өнер көрсетті. 
– Риддердің 240 жылы құтты болсын. Бұндай сан қалалардың екінің бірінде кездесе бермейді. Бұл қаланың өзінің тарихы, тұрғындары, мәдениеті мен өнегесі бар. Менің ойымша, бұл қала өте керемет, болашақта дами берсін дегім келеді. Табиғатын айтуға сөзім жетпейді. Шетелдік туристерді тарту үшін осындай шаралардың да маңызы зор, – деді әзілкеш Нұрдәулет Шертім.
Концерт мерекелік отшашумен аяқталды.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив