Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Израильдің MVI Medical Center медициналық-білім беру орталығының президенті әрі бас директоры Наталья Хедватпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Онда өңірдің денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, медицина қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру, медицинаны цифрландыру бағытындағы заманауи шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
MVI Medical Center 16 жылдан астам уақыт бойы дәрігерлердің Израиль мен Еуропаның жетекші клиникаларында және ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуін ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар біліктілікті арттыру бағдарламалары мен шеберлік сабақтарын жүзеге асырады.
Жыл сайын Шығыс Қазақстан облысының медицина мамандары шетелде өз білімдерін жетілдіруде. Мәселен, жуырда ғана бір топ дәрігер Германиядағы оқу бағдарламасынан оралды.
Наталья Хедват өз сөзінде медицина қызметкерлерін төтенше жағдайларда әрекет етуге даярлау, медициналық туризмді дамыту және медициналық көмекті ұйымдастырудағы озық халықаралық тәжірибемен алмасу мәселелеріне ерекше тоқталды.
Нұрымбет Сақтағанов ШҚО Денсаулық сақтау басқармасына салынып жатқан 300 орындық облыстық көпбейінді аурухана, онкологиялық орталық және жаңа Гематология орталығы үшін мамандарды халықаралық білім беру бағдарламалары мен шетелдік сарапшылардың қатысуымен даярлау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу міндетін қойды.
Ақпарат және фотосурет: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер