Өңірде туристерді өз үйлерінде қабылдайтын ауыл тұрғындарының саны артуда. Бұған ауыл туризмін дамытуға бағытталған iCaravan платформасы сеп болып отыр. Жоба саяхатшыларға қазақ ауылының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде бастамаға өңірдегі 30 отбасы қосылған. Олар бір мезетте 250-ден астам қонақты қабылдай алады. Жобаға қатысушылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді.
Жобаның басты ерекшелігі - туристердің қонақүйге емес, жергілікті тұрғындардың үйіне орналасуы. Үй иелері қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынып, салт-дәстүрді таныстырады, аймақтың көрікті жерлерін көрсетіп, ауыл өмірінің ерекшеліктерімен бөліседі. Бұл саяхатшылар үшін нағыз Қазақстанды тануға мүмкіндік болса, ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзіне айналып отыр.
Жоба аясында Катонқарағай ауданының туристік әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Сұлтанбек Сыздықов қолдау көрсетіп, ауданның туристік мүмкіндіктерін ілгерілетуге атсалысып келеді.
iCaravan платформасының негізін қалаушы Талғат Әлидің айтуынша, жоба арқылы саяхатшылар Қазақстанның мыңдаған ауылын және олардың бірегей табиғи әрі мәдени орындарын танып-біле алады.
- Катонқарағайдың бүгінгі тәжірибесі ауыл туризмінің жергілікті халыққа нақты пайда әкеліп, өңірдің шетелдік және отандық туристер үшін тартымдылығын арттыра алатынын көрсетіп отыр, - деді ол.
Платформа әзірлеушілері Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын жобаға қосылуға шақырады. Егер үйіңізде қонақ қабылдауға мүмкіндік болса, iCaravan платформасында тіркеліп, туристерді қабылдау арқылы қосымша табыс табуға болады.
Ал туристер үшін қызметті пайдалану өте оңай: iCaravan мобильді қосымшасын жүктеп, ұнаған қонақ үйін таңдап, брондауға өтінім беру жеткілікті.
Осылайша, қарапайым сапар адамдармен, ұлттық дәстүрмен және Шығыс Қазақстанның көркем табиғатымен етене таныстыратын ерекше саяхатқа айналады.
Пікірлер