A+ A A-

talgatzhan 25 Кеше, 12:00 0

Елімізде халықты табиғи газбен қамту деңгейі 80%-ға дейін ұлғайтылмақ

Бүгін / Республика

Энергетика министрлігі газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу жөніндегі Жол картасын әзірлеуге кірісті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде елді газдандыру қарқынын жеделдетіп, халықты табиғи газбен қамту деңгейін 80%-ға жеткізуді тапсырды.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі қойылған мақсатқа кезең-кезеңімен қол жеткізуге бағытталған кешенді Жол картасын әзірлеуді бастады.

Министрліктің мәліметінше, жалпы, Қазақстанды газдандыру азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлерді дамытуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған 2035 жылға дейінгі Бас схема аясында жүзеге асырылып жатыр.

— Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша газбен жабдықтау саласында іске асырылған 84 жоба нәтижесінде 94 елді мекеннің 354 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Бір жыл ішінде 2 мың шақырым газ тарату желісі салынды. Соның нәтижесінде табиғи газға қол жеткізген тұрғындар саны 20,5 миллион халықтың 13,1 миллионына жетті, — делінген хабарламада.

Биылғы жылы газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жобаларын іске асыру нәтижесінде тағы 36 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.

Әзірленіп жатқан Жол картасы елді газдандыруды жеделдету жөніндегі негізгі стратегиялық құжатқа айналады. Оны іске асыру табиғи газбен қамтылатын халықтың үлесін едәуір арттыруға, Мемлекет басшысы қойған міндеттің орындалуын қамтамасыз етуге, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін беруге мүмкіндік береді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив