A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 12:45 0

Өскемендегі «Таза Қазақстан» саябағында 5000-нан астам ағаш отырғызылады

Бүгін / Өскемен

Өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру жалғасуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектеновке жұмыстың аралық нәтижелері туралы баяндады.

Сөзінше, жыл басынан бері өңірдегі экологиялық жиындарға 330 000-нан астам адам, 19 000 ерікті және 300 кәсіпорын мен ұйым қосылды. Осы кезеңде елдімекендерде кең көлемді абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, саябақтар, алаңдар, аулалар, әлеуметтік нысандар, ескерткіштер және тоғандар тазартылды. Одан бөлек, ондаған мың тонна қалдықтар шығарылды.

Анықталғандай, облыс елдімекендерінде ондаған мың ағаш отырғызылды.

– Өскемендегі «Таза Қазақстан» экопаркі дамып келеді. Онда 5000-нан астам ағаш отырғызылады деп күтілуде. Сонымен қатар Өскемен, Ұлан және Глубокое аудандарында жаңа экологиялық саябақтар құру жобалары жүзеге асырылуда, – деді әкім.

Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, қаланы абаттандыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Облыс орталығында аулаларды жөндеу, ойын, спорт және футбол алаңдарын салу, саябақтарды, қоғамдық бақтарды және қала жағажайын жөндеу жобалары жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ көппәтерлі үйлердің қасбеттері жаңартылуда. Риддер мен Серебрянскіде қоғамдық орындар қайта жөндеуден өтіп жатыр.

Экологиялық білім беру де назардан тыс қалмады. Аймақтағы білім беру мекемелерінде экологиялық сабақтар, форумдар, байқаулар және тақырыптық іс-шаралар өткізіледі. Ал жазда мектеп оқушылары экскурсияларға, жаяу серуендерге, экспедицияларға және эко-квесттерге барады. Облыста тоғыз «Жасыл балабақша» мектепке дейінгі ұйымдары да жұмыс істейді.

Өңір тұрғындары абаттандыру қажеттіліктерін шешу үшін @TazaQazBot цифрлық платформасын белсенді пайдаланады.

– Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жұмыстары жалғасады және үнемі бақылауда болады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив