Reuters жазуынша, шілдеде автомобиль жанармайының экспорты 45 656 тоннаны құрайды. Маусымда бұл көрсеткіш 21 126 тонна болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Reuters агенттігі өз қолына түскен Энергетика министрлігінің кестесіне сілтеме жасап хабарлады.
Павлодар мұнай-химия зауыты төрт жылдық үзілістен кейін АИ-92 маркалы бензин экспортын қайта бастауы мүмкін. Шілде айына зауытқа 17 500 тонна көлемінде экспорт квотасы бөлініп отыр.
"Конденсат" мұнай өңдеу зауытына 24 156 тонна АИ-92, 4000 тонна АИ-95 бензинін және 7858 тонна жазғы дизель отынын экспорттауға квота берілген. Қазақстан дизель отынын 2021 жылдың ақпан айынан бері экспорттаған жоқ.
Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Қазақстан шілде-тамыз айларында Ресейге жанармай жеткізу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізген. Бұған дейін Ресейдегі бірқатар ірі мұнай өңдеу зауыттары дрон шабуылынан кейін жоспардан тыс жөндеуге тоқтап, соның салдарынан жанармай тапшылығы туындап, баға да өсті.
Сонымен қатар Қазақстанның Энергетика министрлігі бұған дейін Мәскеуден мұнай өнімдерін жеткізу туралы ресми өтініш түспегенін мәлімдеген. Ведомство экспорт тек ішкі нарыққа қауіп төндірмейтін және артық қор болған жағдайда ғана жүзеге асатынын атап өтті.
Reuters дерегінше, жылына 850 мың тонна жеңіл мұнай өңдеу қуатына ие "Конденсат" МӨЗ ұзақ уақыт бойы арзан шикізатқа қол жеткізе алмағандықтан өндірістік қуатының небәрі 10–15 пайызын ғана пайдаланып келген. 2024 жылдың ақпанынан бастап зауыт процессинг негізінде Ресейдің нафтасын өңдей бастады.
Сонымен бірге Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, шілде айында қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарыққа қозғалтқыш отынын жеткізуді тәуліктік есеппен маусыммен салыстырғанда 10 пайызға қысқартып, жалпы көлемді 1,04 млн тоннаға дейін төмендетеді. Бұл қысқарту 26 маусымнан 20 шілдеге дейін жоспарлы жөндеуге тоқтаған Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысына байланысты.
Шілдеде ішкі нарыққа АИ-92 бензинін жеткізу көлемі 366 413 тоннадан 347 054 тоннаға дейін азаяды. АИ-95 бензинінің көлемі 113 811 тоннадан 94 928 тоннаға дейін төмендейді. Дизель отынын жеткізу көлемі 566 151 тоннадан 520 504 тоннаға дейін қысқарады.
Пікірлер