10-12 шілде аралығында Катонқарағай ауданында өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне дайындық барысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифиңгіде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Халықаралық фестивальге Қазақстанның әр өңірінен ғана емес, шетелден де турист көп келеді деп күтілуде. Осыған байланысты Катонқарағай ауданындағы төрт жанармай құю станциясы резервуарлары шамамен 10 күнге жететін жанармай қорымен толықтырылған.
– Аудандағы 4 жанармай құю станциясы әдеттегі режимде жұмысын жалғастырады. Дегенмен облыс тұрғындары мен ауданға өз көлігімен келетін азаматтар мүмкіндігінше канистрге алдын ала жанармай құйып алса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі халықаралық фестивальге келетін туристердің саны көп болады деп күтілуде. Жанармай қоры ең алдымен келген қонақтарға да жеткілікті болғанын қалаймыз. Бұл менің тарапымнан айтылған ұсыныс, – деді Катонқарағай ауданы әкімі Данияр Дюсембаев.
Сонымен қатар облыстық Цифрландыру басқармасымен бірлесіп, барлық жанармай құю станциясында, атшабарға апаратын жол бойындағы сауда нысандары мен дәріханаларда Starlink спутниктік интернет жүйесі орнатылып жатыр.
Пікірлер