3 шілде күні Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында әнші-сазгер, мәдениет саласының ардагері Серік Сұлтанғалиұлы Бабахановтың «Алтын тау Алтайым» атты кітабының тұсаукесер кеші өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында ұйымдастырылған тағылымды басқосу қазақ ән өнерін қадірлейтін қауымның басын қосты.
Кештің шымылдығы Серік Бабахановтың сөзіне жазылған «Менің қос бәйтерегім» әнімен түрілді.
«Алтын тау Алтайым» – бұл тек кітап қана емес, туған жерге деген перзенттік сағыныштың, өнерге деген адалдықтың және өмір жолында кездескен тағылымды сәттердің көркем шежіресі. – Кездесу барысында Серік Сұлтанғалиұлы кітаптың жазылу тарихымен бөлісіп, Марқакөлдің көркем табиғатының шығармашылығына тигізген ықпалы, өнердегі алғашқы қадамдары, ән мен саздың адам өміріндегі орны туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Жиналған қауым да өз сауалдарын қойып, өнер иесімен еркін пікір алмасты, – делінген ақпаратта.
Кештің салтанатты сәті – жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Бұл құрметті міндетті қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілдері мен мәдениет қайраткерлері атқарды. Олар жаңа туындыға ақ жол тілеп, автордың ұлттық өнерді дәріптеудегі еңбегіне жоғары баға берді.
Салтанатты кеште Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Серікжан Әбдінұров, Еркін Шүкіманов, Толғанбай Сембаев, Ербол Айтпаев, Ерлан Рысқали, «Құрмет» орденінің иегері Ұлту Қабай жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық естеліктерімен бөлісті. Қонақтардың орындауындағы дәстүрлі әндер мен жүрекжарды тілектер кештің мазмұнын байытып, ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатты.
Өнердің қадірін ұлықтаған бұл жүздесу көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Алтын тау Алтайым» кітабы туған жерге деген сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды еңбек ретінде көпшілікке жол тартты.
Пікірлер