Облыста Металлург күніне арналған мерекелік іс-шаралар басталды. Көп жылдан бері қалыптасқан дәстүрге сай мерекелік шаралардың алғашқы легі кен өндірісімен тығыз байланысқан Алтай қаласында өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кәсіби мерекеге орай Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев металлургтерді құттықтап, тау-кен металлургия кешені Шығыс Қазақстан облысы экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, саланың тұрақты дамуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне серпін беріп келеді. Сонымен қатар ол сала ардагерлері мен еңбеккерлеріне адал еңбегі, кәсібіне деген жауапкершілігі мен жоғары біліктілігі үшін алғысын білдіріп, зор ризашылығын жеткізді.
Ізгі тілектерге Шығыс Қазақстан тау-кен байыту кешенінің директоры, байыту өндірісі жөніндегі атқарушы директор Игорь Анисимов та қосылды. Ол кәсіпорын ұжымының кәсіби шеберлігіне, жауапкершілігіне және өндірісті дамытудағы сүбелі үлесіне жоғары баға беріп, барша металлургтерге зор денсаулық, отбасы амандығы және жаңа еңбек жетістіктерін тіледі.
Салтанатты жиынның ең әсерлі сәттерінің бірі – үздік еңбеккерлерді марапаттау рәсімі. Көп жылғы жемісті еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және металлургия саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін кәсіпорын қызметкерлеріне медальдар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Мерекенің сәнін «Казцинк» ЖШС ұйымдастырған концерттік бағдарлама келтірді. Қазақстандық танымал «Домино» және «Мадагаскар» музыкалық топтары сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Бүгінде «Казцинк» ЖШС Қазақстанның түсті металлургия саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі ретінде өндірістегі жоғары нәтижелерді, заманауи технологияларды енгізуді және әлеуметтік жауапкершілікті үйлестіре отырып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Металлургтердің қажырлы еңбегінің арқасында Шығыс Қазақстан еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі мәртебесін сақтап келеді. Сондықтан Металлург күні – өз өмірін еңбекпен өркендеуге арнаған жандарды ұлықтайтын, ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін ерекше мереке.
Пікірлер