A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 14:25 0

ШҚО-ның ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесімен танысуға 9 облыстың делегациясы келді

Бүгін / ШҚО

Шығыс Қазақстанға елдің әр түкпірінен ауыл шаруашылығы басқармаларының, салалық ведомстволардың өкілдері, қоғамдық кеңес пен ірі агрохолдинг басшылары және кәсіпкерлерден тұратын делегациялар келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында олар саладағы соңғы өзгерістерді, негізгі мәселелерді талқылап, пікір алмасты. 

- Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен республиканың 9 өңірінен келген 25-ке жуық делегатты қарсы алып отырмыз. Мұндағы мақсат – бір-біріміздің озық тәжірибелерімізді ортаға салып, үйреніп, әр облыста іске асыру. Үш күнге созылатын шараларда Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешен саласында жеткен жетістіктерімен таныстырып, кәсіпорындарын аралаймыз. Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, заманауи өндірістерді дамытуға және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға баса назар аударылып отыр, - деді ШҚО әкімінің кеңесшісі Самат Қыдырмолда. ️

Шығыс Қазақстанда биылғы егіс науқаны шамамен 635 мың гектар алқапты қамтыды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 20 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. 

Жиын барысында делегаттар сөз алып, өз өңірлерінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баян етті. 

- Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының стратегиялық маңызы бар салаларының бірі. Облыс аумағының басым бөлігі жайылымдық жерлерден тұратындықтан, мал шаруашылығы негізгі бағытымыз. Шаруашылықтар заманауи техникамен жабдықталып, цифрлық технологиялар енгізіле бастады. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға және өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында облыстың ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 19,4 млрд теңгені құрады, - деді Ұлытау облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Бегенов. 

Айта кетейік, бүгін дегегация мүшелері облыстық тарихи-өлкетану музейіне, «Шығыс Сүт» кәсіпорнына және «Grand Fish» балық өңдеу зауытына барады. Қалған екі күнде Алтай ауданындағы форель шаруашылығының және пантымен емдеу орталығының жұмысымен танысып, өңірдің туристік жерлерін де аралайды. 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив