Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ерназ Нұрланов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, бүгінде өңірде 717 мың адам тұрады. Алайда жыл басынан бері халық саны 2 016 адамға азайды. Бұдан бөлек, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға жетті.
1 маусымдағы мәліметке сәйкес облыс тұрғындарының 485,9 мыңы қалада, 231,1 мыңы ауылда тұрады. Жыл басынан бері қала халқының үлесі 0,1 пайызға, ауыл тұрғындарының үлесі 0,6 процентке төмендеді.
Өңірдегі демографиялық ахуалда әйелдер саны басым. Қазір облыста 373,1 мың әйел тұрады. Бұл - жалпы халықтың 52 пайызы. Ерлер саны 343,9 мың адамды немесе 48 пайызды құрайды.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыста 17 483 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде қалып отыр.
Сондай-ақ 1 шілдедегі жағдай бойынша өңірде 14 859 заңды тұлға тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға көп. Оның 12 241-і немесе 82,4 пайызы белсенді қызметін жалғастырып келеді.
Қазір облыста 11 953 шағын кәсіпорын тіркелген. Бұл барлық заңды тұлғалардың 80,4 пайызы. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда олардың саны 0,3 пайызға артты.
Пікірлер