Өңірде масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға, алкоголь өнімдерін сату кезінде заң талаптарының сақталуын қадағалауға бағытталған ауқымды рейд өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соның барысында заңмен тыйым салынған түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сату фактілерін, 21 жасқа толмаған тұлғаларға сату жағдайларын анықтауға ерекше назар аударылды.
Профилактикалық жұмыс аясында 100-ден астам сауда нысаны тексерілді. Дүкен иелері мен қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары және алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзғаны үшін қарастырылған жауапкершілік түсіндірілді.
Тыйым салынған уақытта алкоголь өнімдерін сатудың 3 фактісі және тиісті лицензиясыз сауда жасаудың 5 фактісі анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, олар заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатын болады.
ШҚО Полиция департаменті алкоголь өнімдерін сату кезінде белгіленген талаптарды сақтау құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін еске салады.
Пікірлер