«Майқапшағай» кеден бекетінің қызметкерлері Қытайға 2,6 мың литрден астам дизель отынын заңсыз алып өтпек болғандардың жолын кесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, заңбұзушылық мемлекеттік шекара арқылы өтіп бара жатқан Қытай Халық Республикасының азаматтары басқарған төрт жүк көлігін тексеру барысында анықталған.
– Тексеру кезінде көліктерден арнайы жасалған қосымша жанармай бактары табылды. Заңсыз әкетілмек болған дизель отынының жалпы көлемі шамамен 2 640 литрді құрады, – делінген ақпаратта.
Жасырын түрде жанармай тасымалдау қолданыстағы заңнамаға қайшы. Осыған байланысты төрт жүргізушінің әрқайсысына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 590-бабы 7-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді. Әрқайсысына 32 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар тексеру материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.
– Жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкету әрекеттерінің жолын кесу бойынша жұмыстар күшейтілген режимде жалғасуда. Бұл шаралар ішкі нарықты қорғауға және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған, – делінген хабарламада.
Пікірлер