Облыс әкімдігінде өткен кеңесте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірдегі экологиялық ахуалға ерекше назар аударды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Министр өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін азайтудың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиынға қатысқан ірі кәсіпорындардың басшыларын атмосфералық шығарындыларды бақылау жүйелерін одан әрі жаңғыртып, зиянды шығарындылар көлемін қысқарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға шақырды.
Сонымен қатар аймақ басшысы ірі бизнесті облыстың ұлттық парктерінде халықаралық деңгейдегі туристік нысандарды дамытуға және инвестиция салуға белсенді қатысуға үндеді.
Атап айтқанда, Катонқарағай ауданындағы Балықты бұлақ шатқалында ұзақ мерзімді жалға беруге дайын шамамен 3 гектар бос инвестициялық жер учаскесі бар. Жобаның болжамды инвестиция көлемі шамамен 3 млрд теңгені құрайды.
Аталған жер учаскесінің маңынан республикалық маңызы бар «Өскемен – Рахман қайнарлары» автожолы өтеді. Бүгінде Шығыс Қазақстанның ұлттық парктерінде инвесторларға ұсынылатын осындай бірнеше инвестициялық алаң бар.
Пікірлер