Қалалық Қоғамдық кеңес 1 қыркүйектен бастап қоғамдық көліктегі жолақы бағасын қайта қарау жөніндегі ұсынысты қолдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәселе кезектен тыс отырыста жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен талқыланды.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Ибраевтың айтуынша, қазіргі тарифтер тасымалдаушылардың нақты шығындарын өтемейді. Соның салдарынан шығындардың едәуір бөлігі қалалық бюджеттен субсидия ретінде өтеліп келеді.
Оның мәліметінше, облыс орталығында жол жүру құны соңғы рет 2017 жылы өзгерген. Ал 2022 жылы сараланған тариф енгізілгенімен, қолма-қол ақшасыз төлем құны 90 теңге күйінде қалды. Осы уақыт ішінде жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер мен техниканы күтіп ұстау шығындары айтарлықтай артты.
Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес ұсынылған жобаны мақұлдады.
Келесі кезеңде қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылады. 22 шілдеде құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін қалдыра алады.
Еске салайық, қала әкімдігі қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жолақыны 120 теңгеге, ал қолма-қол төлем кезінде 200 теңгеге дейін көтеруді ұсынып отыр. Қазіргі тариф тиісінше 90 және 120 теңгені құрайды.
Пікірлер