
«Көп сылтау айтады»: ШҚО-да 1500 адам жарты жылдан бері жұмыссыз жүр
Ресми ақпаратпен жуықта облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова бөліскен болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
NEET санатындағылардың ниеті аз ба?
Басқарма басшысы 20 маусымдағы жағдайды мысал етті. Соған сенсек, облыста Отбасының цифрлық картасы деректеріне сәйкес NEET санатындағы жастар саны 2 947 адам. Оның ішінде 1 948 адам өз қалалары мен аудандары аумағында, ал 999 адам тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерден тыс жерлерде тұрады. Альмира Мусинованың сөзінше, қазір осы тұрғыда мәселе туындап отыр.
– Бізге осы NEET санатындағы азаматтармен жұмыс істеу қиын болып жатыр. Оларды жұмысқа тартсақ, өте көп сылтау айтады. Бірақ біз облыстық Ішкі саясат басқармасымен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, бұл жағын реттеу үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, кәсіпорын басшыларымен бірлесе, қызықты қылып жұмыс жәрмеңкелерін өткізуге болады. Одан бөлек, Альмира Әскерханқызынан қай аудандарда тұрғындарды жұмысқа тарту ерекше қиын болып тұрғанын сұрады. Басқарма басшысы бұған нақты жауап бермей, жалпылай ақпарат бөлісті.
– Жыл басында таныстырған жобаларына сәйкес, көбі қаржы болмай тұр деген жауап айтқан еді. Дегенмен қазір олар «біртіндеп іске асырылып жатыр», «қаржы бар» деген жауап айтуда. Бірақ жұмыс орындарын ашпай жатыр. Ең бірінші себеп, мердігер ұйымдар электронды еңбек биржасында өздерінің электронды еңбек келісімшарттарын көрсетпеген. Көп жағдайда адамдарды ресми емес санатпен жұмысқа алып отыр. Соған сәйкес жұмыс орындары статистикаға енбеген, – деді Альмира Әскерханқызы.
Қысқасы, сандық платформаларда деректердің шықпауы, зейнетақы жинағының түспеуі және электрондық еңбек келісімшарттарының болмауы жұмыс орындарын ашуға кедергі келтіріп отыр.
Тіркеуден шығып, қайта тіркеліп жатады
Айтпақшы, Альмира Мусинова баяндама оқып болған соң облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев оған сұрақ қойған болатын. Өзі оқып шыққан баяндамадағы мәлімет төңірегінде.
– Шығыс Қазақстанда жұмысқа орналастыру бойынша сұрақ мүлде туындамауы керек. Себебі, біздегі Enbek.kz электронды еңбек биржасында 15 мың жұмыс орны бар. Ал сіз жарты жылдан бері 1500-нан астам адам жұмыссыз жүр, бүгінге дейін тек 57 адам еңбекпен қамтылды дедіңіз. Мұндай жағдай неден туындап отыр? – деді облыс әкімінің орынбасары.
Альмира Мусинованың сөзінше, аталған 1503 адам жарты жылдан бері есепте бірде тұрады, бірде шығып кетіп жатады.
– Ең алдымен, біз осы санат бойынша сараптама жүргізе бастағанда ауылдардағы тұрғындар өзін-өзі жұмыспен қамтыған деп көрсетіп жатты. Бірінші себебі – осы. Келесі, осы адамдардың көп бөлігі жұмысынан айырылуы бойынша жәрдемақы алуға ниетті болғандықтан есепке тұрған. Қазір оларға қоңырау шалып қана емес, жүзде-жүз кездесіп жүрміз. Біз осы кісілерге кәсіпорындарға жұмысқа тұру үшін үш мәрте өз тарапымыздан жолдама береміз, – деді Альмира Әскерханқызы.
Басқарма басшысы егер ол адамдар кәсіпорындарға барып, жұмыс берушімен кездеспесе немесе бос жұмыс орындарына тұрудан бас тартса, сол жолдаманы қайта алып, тіркеуден шығару керектігін алға тартты. Тіркеуден шығарылғандар жұмыс таппай, қайта тіркелетін көрінеді. Альмира Мусинова аудан әкімдері де жұмыссыз жүргендерге тиімді қолдау түрлерін ұсынғандарын жөн санады. Ал ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға ниетті көрінеді.
Фотосурет: democrat.kz
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер