ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңының негізгі ережелерін түсіндіруге арналған семинар өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға Департамент басшысының орынбасары Қазыбек Қойшынов төрағалық етті. Семинарға Департамент қызметкерлері қатысты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ержан Айқымбеков жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының негізгі жаңашылдықтарына тоқталды. Ол заңның қолданылу ерекшеліктері мен мемлекеттік қызметті дамытудағы реформалардың маңызын түсіндірді.
Сонымен қатар спикер Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі бағыттарына тоқталып, азаматқа бағдарланған мемлекеттік қызмет көрсету, конкурстық іріктеу, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері, тәртіптік жауапкершілік, құқық бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін жан-жақты баяндады.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелері туралы ШҚО «Талдау және болжау институты» ЖШС директоры, ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрайымы Аяужан Әшімова баяндама жасады. Ол конституциялық өзгерістердің мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы және елдің одан әрі дамуын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Семинар барысында 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға, мемлекеттің демократиялық және әлеуметтік қағидаттарын одан әрі дамытуға бағытталғаны айтылды.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жаңа заң мен Конституция нормаларын іс жүзінде қолдануға қатысты жан-жақты жауаптар алды.
Мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыруға, жаңа заңнаманың мазмұнын терең меңгеруге және елде жүргізіліп жатқан құқықтық реформалардың мәнін түсіндіруге ықпал етеді.
Пікірлер