Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің XXII өңіраралық ынтымақтастық форумы екіжақты байланысты одан әрі дамыту мәселелері талқыланған маңызды алаңға айналды. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, мемлекеттік органдардың басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері және шекаралас өңірлердің әкімдері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Форум барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановқа екі ел басшыларының, Қазақстан мен Ресей өңірлері басшыларының алдында облыстың әлеуетін таныстыру мүмкіндігі берілді. Өз сөзінде аймақ басшысы Шығыс Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтарын, өнеркәсіптік, инвестициялық және туристік мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, ынтымақтастықты одан әрі дамытудың әлеуетті бағыттарына тоқталды.
Облыс әкімі өндірістік кооперацияны кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистика байланыстарын дамыту, туризм, білім беру және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ бүгінде өзара іс-қимылдың берік негізі қаланған және алдағы уақытта қарқынды дамытуға мүмкіндік мол бағыттар жан-жақты сөз болды.
Шығыс Қазақстан облысының осындай жоғары деңгейдегі форумға қатысуы – өңірдің әлеуетін кең аудиторияға таныстырумен қатар, іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жасалған маңызды қадам. Дәл осындай халықаралық алаңдарда жаңа серіктестік байланыстар орнап, бірлескен бастамалар мен нақты келісімдер қалыптасып, кейін олар нақты жобалар мен шешімдерге ұласады.
Өңіраралық ынтымақтастықты дамыту – Қазақстан мен Ресей арасындағы орнықты әріптестіктің негізгі тетіктерінің бірі. Тұрақты диалог, тәжірибе алмасу және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеу қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қана қоймай, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, инвестиция тартуға және өзара тиімді серіктестікті одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды.
Пікірлер