Спорт журналисі Аслан Қаженов өз парақшасында Қырғызстанда өтетін Көшпенділер ойындары туралы бірнеше ақпарат жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сонда көкпардан Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрдәулет Момынов сұхбат беріп, ауқымды жарысқа дайындық барысын айтып берді. Тақырып көкпар аттарының жағдайы туралы. Сөзінше, әр өңірден азаматтар шама-шарқынша ең мықты аттарын беріп жатыр. Шығыс Қазақстан да шет қалмаған екен.
– Басында облыстардан 48 ат жиналды. Ел чемпионаты нәтижесінде көзге түсіп, іріктелген. Намысты жігіттер қоңырау шалып, менде ат бар еді, қырғыздан, ана жақтан, мына жақтан алып едім, көріңдер деп жатыр. Қазір Шығыс Қазақстан жақсы екі ат шығып тұр. Сержан деген бауырымыз да хабарласып, жараса берейін, алыңдар, шабыңдар деді. Павлодар облысынан Серік деген бауырымыз баптап отырған алты сәйгүлігін берді. Қызылорда облысы да жақсы аттарын әзірлеп қойған, – деді бас бапкер.
Негізгі аттар Жамбыл облысынан жеткізіліпті. Шу ауданынан қоңырау шалғандар қажет болса бар аттарын, болмаса сатып әперетіндерін айтып, қолдау білдірген. Атағы алысқа жеткен Жеңісторы атты қылқұйрықты да қатардан табылыпты.
Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 31-тамыз бен 6-қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтеді.
Фотосурет: редакция мұрағатынан
Пікірлер