Өскемен қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері көп тонналық титан құймасын ұрлауға қатысты қылмыстық істің соңғы фигуранты – 63 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің ақпаратынша, қылмыс 2015 жылы болды.
- Өскемендегі кәсіпорындардың бірінің жұмысшылары қымбат тұратын шикізатты жымқыру схемасын ойлап тапты. Қылмыстық қолсұғушылық нысаны салмағы 9 370 келі, ал құны 31 миллион теңгеден асатын титан құймасы болды. Қызметтік жағдайды пайдаланғандар күзет қызметкерлерімен сөз байласып, көп тонналық жүкті кәсіпорын аумағынан бақылау-өткізу пункті арқылы шығарды. Ұрланған мүлікті жасыру үшін құйманы көлік кузовына салып, үстін матамен жауып, сыртына технологиялық және тұрмыстық қоқыс үйіп тастаған. Кейіннен металл басқа біреулерге сатылды. Сол кездегі тергеу барысында полиция қылмыстық схемаға қатысқан барлық адамды анықтады. Ұрланған мүлік табылып, тәркіленді, фигуранттар заң алдында жауапқа тартылды. Алайда олардың бірі жасырынып үлгеріп, халықаралық іздеуге жарияланған еді, - делінген ресми мәліметте.
Криминалдық полиция қызметкерлері оның орналасқан жерін анықтау жұмыстарын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Іздеу салынған азаматтың болуы мүмкін орындары, байланыстары мен түскен жедел ақпараттар мұқият тексерілді.
- Он жыл өткен соң ер адам Алматыдан табылды. Қазір 63 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Әрі қарайғы процессуалдық шешімдер заңда белгіленген тәртіппен қабылданады, - деп жазылған ақпаратта.
Пікірлер