10 қараша күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада түркі дүниесінің көрнекті ойшылы, сопылық поэзияның негізін қалаушылардың бірі Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен рухани мұрасын насихаттауға арналған «Ясауи оқулары» атты іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Танымдық кездесуге Абай атындағы гуманитарлық колледж бен Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенттері қатысты. Іс-шара үш бөлім бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы бөлім – «Ясауи мұрасы: таным мен тағылым» аясында қатысушылар ұлы ойшылдың өмір жолы, өзі өмір сүрген тарихи кезең, ұстаздары мен рухани ортасы, сондай-ақ түркі дүниесіндегі орны туралы зерттеу жұмыстарын таныстырды. Сонымен қатар Ясауи мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызына тоқталды.
Екінші бөлім – «Хикмет кілті» барысында студенттер «Даналық сандығынан» таңдап алған «Диуани хикмет» шығармасы үзінділерін талдап, ондағы негізгі ойларды тарқатты.
Ал «Ой таразысы» деп аталған үшінші бөлімде қатысушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға басымдық берілді. Студенттер академиялық адалдық, мансап пен адамгершілік, әлеуметтік желідегі жауапкершілік, қайырымдылық, әділдік және уақытты тиімді пайдалану тақырыптарындағы өмірлік жағдаяттарды талқылап, түрлі мәселе бойынша өз шешімдерін ұсынды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – жастарды кітап оқуға ғана емес, оқығанын түсініп, саралауға, сыни тұрғыдан ой елегінен өткізуге және алған білімін күнделікті өмірде қолдана білуге баулу.
Кездесу соңында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасының уақыт өткен сайын құндылығын жоғалтпайтынын атап өтіп, ұлы ойшыл хикметтеріндегі адамгершілік пен руханият мәселелерінің бүгінгі қоғам үшін де өзекті екенін түйіндеді.
Пікірлер