448.98 502.45 5.45
A+ A A-

Өскеменде Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай көшелер безендірілуде

Өскеменде Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай көшелер безендірілуде [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Қала әкімдігінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай облыс орталығында мерекелік дайындық жұмыстары басталды. Қала ғимараттары мен көшелері, LED-экрандары мен көрнекті орындары мемлекеттік мерекенің мазмұнын айшықтайтын безендірулермен толықтырылып жатыр. Шаһардың әр бөлігінде көк байрақ пен елдік рухты дәріптейтін көрнекі бейнелер пайда болып, тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қала көшелерінде Тәуелсіздікке арналған көрнекіліктер көбейді

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 35 жыл» арнайы жазуы бар мерекелік безендірулер облыс орталығының бірқатар маңызды аумағына орналастырылды. Атап айтқанда, Республика алаңындағы үлкен LED-экран, Абай және Әуезов даңғылдарының бойы, Жеңіс даңғылы, Сағадат Нұрмағамбетов көшесінің басы және Б. Александров атындағы спорт сарайының алдындағы биік LED-экранда ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған бейнелер көрсетіліп жатыр.

Сонымен қатар мерекелік безендірулер Қазақстан көшесінде, Сәтбаев даңғылының бойында, Халифа Алтай мешіті маңындағы жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің жанында да орналастырылған. Мұндай көрнекіліктер шағын аудандардағы көпшілік жиі баратын орындар мен қаланың көрікті нүктелерін де қамтып отыр. Осылайша, Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған мерекелік безендірулер тек орталық көшелермен шектелмей, шаһардың әр бөлігінде көрініс табуда. Бұл маңызды тарихи датаның мәнін қала кеңістігінде айқын сезінуге мүмкіндік береді.

 

Көк байрақ – елдіктің нышаны

Әкімдіктің мәліметінше, Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған жұмыстар жыл басынан бері кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Соның ішінде қала тұрғындары мен қонақтары жиі жиналатын Ертіс жағасындағы амфитеатрда биіктігі 35 метр болатын үлкен Мемлекеттік Ту орнатылды. Бұл – ел егемендігінің символын асқақтатып, тарихи мерейтойдың мазмұнын айшықтайтын маңызды нысандардың бірі. Қаланың көркін келтіріп тұрған Ботпай тауындағы алып «Қазақстан» жазуы, тау басындағы үлкен Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұран да өңірдің елдік рухын танытып тұр. Бұл нышандар тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан Қазақстанның жетістіктерін, ұлттық бірегейлігі мен бірлігін паш етеді.

Бұдан бөлек, Үлбі және Ертіс өзендері арқылы өтетін көпірлерге, қала орталығындағы көпқабатты үйлердің балкондарына Мемлекеттік Ту ілінді. Көк байрақтың қаланың әр тұсында желбіреуі мерекелік атмосфераны күшейтіп қана қоймай, тәуелсіздік құндылығына деген құрметті де айқындай түседі.

 

35 жылдық мерейтой – өткенге тағзым, болашаққа бағдар

Тәуелсіздік – Қазақстан халқының ең басты құндылығы, елдің дербес даму жолын айқындаған тарихи белес. Осы жылдар ішінде мемлекетіміз саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттарда ауқымды өзгерістерді бастан өткеріп, халықаралық аренада өзіндік орны бар елге айналды. Ал Шығыс Қазақстан үшін бұл кезең өңірдің өндірістік әлеуетін сақтап, инфрақұрылымын жаңғырту, туризм мен ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту жолындағы маңызды белестермен сабақтас.

Сондықтан Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан безендіру және насихат жұмыстарының маңызы ерекше. Олар мерекенің жақындағанын білдіретін көрнекі шаралар ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздерге құрметті арттыруға және ел тарихына деген қызығушылықты күшейтуге ықпал етеді. Өскеменнің мерекеге сай түрленуі – Тәуелсіздікке деген ортақ құрметтің көрінісі. Қала көшелеріндегі көк байрақтар мен LED-экрандардағы мерекелік бейнелер әр тұрғынға азат елдің азаматы болудың жауапкершілігі мен мақтанышын сезіндіреді. 

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні 16 желтоқсанда атап өтіледі. Биыл ел тәуелсіздігін жариялағанына 35 жыл толады.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив