Риддердегі аудандардың бірінде жер учаскесі заңсыз пайдаланылған
[xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]
Риддер қаласының Шаравка ауданында мемлекеттік меншіктегі жер учаскесін заңсыз пайдалану фактісі анықталды. Аталған факті бойынша Риддер қаласының әкімдігі тексеру жүргізу және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық Полиция департаментіне өтініш жолдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әкімдік өкілдері жағдай ерекше бақылауда екенін айтты. Риддер қаласының басшысы құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлесіп, оқиға орнына бірнеше рет барған. Назар аударылып отырған мәселе – Central Asia Kaisheng Minerals & Energy International Group Ltd. компаниясының қызметі.
– Бұл жағдайда жер учаскесін пайдаланудың заңдылығы мәселесі ерекше маңызға ие. Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабына сәйкес, заңда өзгеше көзделмесе, жер, оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мемлекеттік меншікте болады. Қазақстан Республикасының Жер кодексінде жер учаскесін өз бетінше иелену ұғымы айқындалып, оны заңды негізде пайдалану тәртібіне қойылатын талаптар белгіленген, – делінген ақпаратта.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабында мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иеленіп, жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзатын өзге де әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар, ҚР Жер кодексінің 93-бабында жерді заңнама талаптарын бұза отырып пайдаланғаны үшін жауапкершілік белгіленген.
Әкімдік өкілдері топырақ жамылғысының сақталуына қатысты мәселелерге де ерекше назар аудару қажет екендігін де алға тартты. ҚР Экологиялық кодексінің 238-бабына сәйкес, жердің бүлінуіне байланысты жұмыстарды жүргізетін тұлғалар топырақтың құнарлы қабатын алып тастау және сақтауды, сондай-ақ бүлінген аумақтарды рекультивациялауды қамтамасыз етуге міндетті. Осы талаптарды бұзу заңнамада көзделген жауапкершілік шараларын қолдануға әкеп соғуы мүмкін.
– Бұған дейін аталған мәселе бойынша Шығыс Қазақстан облысының Экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізген болатын. Тексеру нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталып, әкімшілік шаралар қолданылды. Оларды жою бойынша нұсқама да берілген, – делінген ақпаратта.
Тексеру барысында жер қойнауын өз бетінше пайдалану және елеулі залал келтіру белгілері анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны үшін жауапкершілік көздейтін 334-бабы ескеріле отырып, құқықтық баға берілуі мүмкін.
– Қала әкімдігі қалыптасқан жағдайдың жан-жақты әрі объективті қаралуына қол жеткізуге ниетті. Бұл мәселе жекелеген жұмыстарды жүргізу тәртібінің сақталуына ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік меншікті қорғауға, жер ресурстарын сақтауға да қатысты, – делінген ақпаратта.
Қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға уәкілетті органдар жүргізетін тексеру нәтижелері бойынша беріледі. Аталған жағдай қала әкімдігінің бақылауында.
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
Пікірлер