Өңірде биыл ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2,163 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде эпизоотияға қарсы шараларға 1,6 миллиард теңге көзделген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жануарлар мен құстарды 23 аса қауіпті жұқпалы аурудан қорғау үшін 5 206 341 профилактикалық шара өткізу жоспарда бар. Бүгінгі күнге дейін оның 4 037 371-і орындалды. ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықовтың айтуынша, 2023 жылға жоспарланған 5,2 миллион доза ветеринариялық препараттардың 5,1 миллион дозасы жеткізіліп, жалпы көлемнің 98%-ы орындалды.
– Ветеринариялық қызметтің негізгі міндеттеріне жануарларды аурудан қорғау мен емдеу, адам мен жануарларға ортақ дерттен халық денсаулығын сақтау және ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кіреді, – деді ол.
Сондай-ақ мемлекеттік ветеринариялық қызмет сапасын арттыру үшін ИСЖ, ЕАСУ ақпараттық жүйелері Torttulik, ИСЖ қосымшалары белсенді түрде енгізілуде. 2023 жылы ИСЖ базасында жұмыс істеу үшін ветеринариялық пунктерге арналған 108 планшет сатып алынды. Диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін «VetLab» модулі енгізілді.
Қазіргі уақытта ветеринарлар үшін құжат айналымын жеңілдетіп, электронды форматқа ауыстыратын «VET-MOBILE» мобильді қосымшасы іске қосылуда.
Пікірлер