Облыс орталығындағы 25-ші ықшам ауданының тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған аудан Өскеменнен небәрі 4 шақырым жерде орналасса да, мұнда жарық, су, ұялы байланыс пен интернет мәселесі өзекті еді. Барлығы кезең-кезеңімен шешіліп, алғашқы үш үй талшықты-оптикалық желіге қосылды.
-25-ші ықшам ауданында талшықты-оптикалық желі орнаттық. Алғашқы абоненттер қосылып, тұрғындар секундына 300 мегабитке дейінгі Интернет жылдамдығына ие болды. Енді олар интернет-теледидар мен стриминг-платформа сынды заманауи цифрлық қызметтерді пайдалана алады, - деді «Fast Line» ЖШС директоры Антон Буиновский.
Ғаламторға қосылу талшықты-оптикалық кабель арқылы жүзеге асырылады. Бұл ауа-райына қарамастан, тәуліктің кез келген уақытында тұрақты жылдамдықты қамтамасыз етеді.
- Осы ауданда 30 жыл тұрып келе жатырмын, ешқашан интернет болмаған. Кеше Wi-Fi қосып берді. Жылдамдығы жоғары, немерелерім қуанып жатыр. Ғаламтор тек үйде емес, сыртта да ұстайды, – дейді шағын аудан тұрғыны Ерік Ускембаев.
Пікірлер