A+ A A-

talgatzhan 49 15-11-2024, 14:00 0

Жаңа Бұқтырма кентіндегі 200 орындық мектеп құрылысына 200 миллион теңге бөлінеді

Бүгін / ШҚО

Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс XVIII сессиясында мәлім болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты. Сессияның күн тәртібінде 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы мәселе талқыланды. ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархат Бельбеевтің айтуынша, облыстық бюджет кірісі 462 454 113,9 мың теңгені, ал шығын көлемі 453 858 463,9 мың теңгені құрайды. 
- Жаңа облыстық психологиялық қолдау және көмек көрсету орталығына 45,4 миллион теңге бөлінбек. Жылу беру маусымын тоқтаусыз өткізу үшін отын сатып алу шығынын субсидиялауға 211 миллион теңге көзделген. Ал Жаңа Бұқтырма кентіндегі 200 орындық мектеп құрылысын жалғастыруға 200 миллион теңге қарастырылды, - дейді Фархат Бельбеев.
Сондай-ақ облыстық бюджет қаражатын бекіту барысында Өскемендегі 19-шы тұрғын ауданында 600 орындық мектептің инфрақұрылымын салу, көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал тобына жататындар мен мемлекеттік қызметкерлерге тұрғын үй сатып алуды қаржыландыру, әлеуметтік бағыттағы жолаушылар тасымалын субсидиялау сынды салаларға назар аударылды. Зайсан ауданындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы балалардың жеңілдікпен жол жүруін қамтамасыз ету мен әлеуметтік, арнайы жұмыс орындарын ашуға да қаржы бөлінбек. 
Бюджет жоспары бойынша қатысушылар бірауыздан келісім берді. Аймақ басшысының орынбасары Ербол Нұрғалиев бөлінген қаражат туралы өз ойын білдірді. 
- Бюджет бөлу мәселесінде барлығы оңай көрінгенімен, әр санның артында үлкен жауапкершілік бар. Барлығына мұқият қарап, жан-жақты талқылаймыз. Барлығының бірігіп жұмыс істеуінің арқасында осындай көрсеткіштерге жетіп отырмыз. Жылдың бітуіне аз қалды. Сондықтан өңір дамуының оң динамикасын қамтамасыз етуге барымызды салуымыз керек, - деді ол. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет: ortalyq.kz

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив