Өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Дүниежүзілік тазалық күніне орай жалпы республикалық сенбілік өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сенбілікке облыс тұрғындары, жастар, мемлекеттік мекеме өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елдімекендер тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру. Аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов сенбілік барысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының бір күндік науқанмен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жоба халықтың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге бағытталған.
– Елімізде Мемлекет басшысы бастамасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгін Дүниежүзілік тазалық күніне орай жалпы республикалық сенбілік өткіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтып өткендей, «Таза Қазақстан» – жай ғана бір күндік науқан емес. Бұл еліміздегі көпшіліктің, халықтың көзқарасы мен болмысын өзгертетін маңызды әрі ірі жоба. Сондықтан осы акция аясында барлығымыз көпшілікпен бірге үлгі көрсете білуіміз керек. Бұл бағытта жастарға үлкен үміт артамыз. 2021-2027 жылдар аралығында 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасы берілген. Біздің облыс бойынша 76 млн ағаш егілуі керек. Бүгінде 46 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Жыл соңына дейін тағы 11 млн ағаш егіп, қалған көшеттерді келесі жылы отырғызу арқылы тапсырманы толық орындаймыз деген сенімдеміз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов ағаш отырғызумен қатар, олардың кейінгі күтіміне де ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты.
— Президент тапсырмасы бойынша 2 млрд ағаш отырғызу көзделді. Бүгінде облыста табиғи ресурстар басқармасына қарасты 13 мемлекеттік мекеме бар. Олардың барлығында көшет отырғызу жоспарда қарастырылған. Ағаштардың әрі қарай көгеріп, өсіп-жетілуіне орман шаруашылығы жауапты. Күтім жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Атап айтқанда, шөптерін жұлып, суарып отыруымыз керек, — деді ол.
Оның айтуынша, отырғызылған көшеттердің сақталуы мен дұрыс өсуі үшін жүйелі түрде күтім жасау маңызды. Бұл жұмыстар ағаштардың жерсінуіне және жасыл желек көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Бақытжан Ерболқызы қала жастары да шарадан шет қалмағанын айтты.
— Бүгін Дүниежүзілік тазалық күніне орай қаламыздың белсенді жастарымен бірге көшет отырғызып, сенбілік жасадық. «Таза Қазақстан» акциясы тек сенбілік өткізумен шектелмейді. Бұл – ұзақ мерзімді әрі ауқымды іс-шара, – деді депутат.
Пікірлер