A+ A A-

talgatzhan 42 Бүгін, 10:20 0

Қазақстандағы ең биік таулы көпір салынды: суық түскенге дейін асфальт төсеп үлгере ме?

Бүгін / ШҚО

«Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары» автомобиль жолында Қазақстандағы ең биік таулы көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Ұзындығы 175 метр болатын нысанның конструкциялық бөлігі дайын, қазір көпірде асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір жолдың 56–72 шақырым аралығындағы учаскесінде күрделі таулы жағдайда салынып жатыр. Нысанның биіктігі 45 метрге дейін жетеді. Қазір құрылыс жұмыстары қорытынды кезеңге өтіп, жол жүру бөлігін жайластыру кезінде технология талаптарын сақтауға ерекше мән берілуде.

Құрылысты сараптамалық сүйемелдеуді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШҚО филиалы жүзеге асырады. Жоба іске асырыла бастағаннан бері филиал мамандары 20 рет көшпелі тексеру жүргізіп, жол-құрылыс материалдарының 70 сынамасын алды.

Бақылау шараларының нәтижесінде жұмыстарды жүргізу технологиясына қатысты екі ескерту анықталды. Зертханалық сынақтар тоғыз сынаманың нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті. Анықталған сәйкессіздіктердің бір бөлігі қазірдің өзінде жойылды.

– Қазір нысан үшін жауапты кезең басталды. Асфальтбетон жабынын төсеу кезінде тек мерзімді ғана емес, ауа райы жағдайын да ескеру маңызды. Ауа температурасы +10 °C-тан төмен болған кезде ыстық асфальтбетон төсеуге болмайды, өйткені бұл жабынның сапасы мен одан әрі пайдаланылуына тікелей әсер етеді. Бүгінде ауа райы белгіленген талаптарды сақтай отырып, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан біздің міндетіміз – қорытынды кезеңнің сапалы және технология талаптарына сәйкес орындалуын қамтамасыз ету, – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШҚО филиалының директоры Ержан Аязбаев.

Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, бетондау және асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШҚО филиалының мамандары технологиялық талаптардың сақталуын, қолданылатын материалдардың сапасын және зертханалық сынақтардың нәтижелерін бақылауда.

Ыстық асфальтбетон төсеу кезінде температуралық режим сақталуы тиіс. Ауа температурасы +10 °C-тан төмен болған жағдайда мұндай жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді. Қазіргі таңда ауа райы жағдайы белгіленген технологиялық талаптарды сақтай отырып, асфальтбетон төсеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Ауа райы қолайлы болған жағдайда ұзындығы 175 метр көпірдегі жабынды қысқа мерзімде төсеуге болады. Бұл ретте жұмыстардың жылдамдығы технология талаптарының сақталуына кері әсер етпеуі тиіс.

Жабынды төсеу жұмыстары аяқталғаннан кейін филиал мамандары өз өкілеттіктері шеңберінде нысандағы бақылауды жалғастырады. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң жаңа көпірді пайдалануға беру алдындағы қорытынды іс-шаралар жүргізіледі.

Пихтовка өзені арқылы өтетін жаңа көпір Катонқарағай ауданы мен Рахман қайнарлары бағытына апаратын автомобиль жолының құрамына кіреді. Оның құрылысы осы бағыттағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналып, күрделі таулы жер бедері жағдайында заманауи көпір салуға мүмкіндік берді.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШҚО филиалының баспасөз қызметі.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив