«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесі отырысында облысықа арналған «QH Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Шығыс Қазақстан облысы» жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған жоба облыстағы 66 ауыл мектебін, оның ішінде 36 шағын және 30 толық жинақты мектепті қамтиды. Жобаның инвестиция көлемі – 2,9 млрд теңге. Негізгі мақсат сол, ауыл мен қала мектептеріндегі оқушыларға білім алуға тең жағдай жасау.
Жоба аясында 151 оқу кабинетін жабдықтау, интернет инфрақұрылымын жақсарту және оқушыларға негізгі пәндерді онлайн оқыту қарастырылған. Сонымен қатар 1255 педагог пен мектеп басшысы біліктілігін арттырып, әдістемелік сүйемелдеуден өтеді.
– «Қазақстан халқына» қоры жобаға 2,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөледі. Қалған соманы облыс әкімдігі қамтамасыз етеді. Өңір бюджеті кабинеттерді жөндеуге, педагогтердің біліктілігін арттыруға, интернет сапасын жақсартуға және онлайн сабақ өткізген мұғалімдерге қосымша ақы төлеуге бағытталады, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Өңір басшысының айтуынша, жоба ауыл оқушыларына қаладағы қатарластарымен тең дәрежеде білім алуға мүмкіндік береді. Бұл – балалардың біліміне, болашағы мен қабілетіне салынған инвестиция.
Пікірлер