Тарбағатай ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының әлеуметтік жұмыскері Бейбітгүл Шонкенова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес «Құрмет» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бейбітгүл Жақыпбекқызына жоғары мемлекеттік награданы Премьер-Министр Олжас Бектенов табыстады.
Бұл – әлеуметтік қамсыздандыру саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қарап келе жатқан маманның еңбегіне берілген жоғары баға.
Шонкенова Бейбітгүл Жақыпбекқызы еңбек жолын 1990 жылы бастап, содан бері 36 жыл бойы әлеуметтік қамсыздандыру саласында үздіксіз қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетіп, олардың күнделікті өміріне қолдау көрсету, тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал ету бағытында қажырлы еңбек атқарып келеді.
Бейбітгүл Жақыпбекқызы қазір «Тарбағатай ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінің «Мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан психо-неврологиялық ауытқуы бар адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету» бөлімшесінде әлеуметтік жұмыскер болып қызмет атқарады.
Әлеуметтік қызметкердің жұмысы – кәсіби білім мен жауапкершілікті ғана емес, үлкен жүрек пен ерекше адамгершілікті талап ететін маңызды сала. Себебі бұл мамандар көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылып, олардың қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік жасауға, отбасыларына қолдау көрсетуге және қоғаммен байланысын нығайтуға өз үлесін қосады.
Бейбітгүл Жақыпбекқызының 36 жылдық еңбек жолы – өз мамандығына деген адалдықтың, тұрақтылықтың және ел игілігі жолындағы табанды еңбектің жарқын үлгісі.
– Шонкенова Бейбітгүл Жақыпбекқызын «Құрмет» орденімен марапатталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, қажымас қайрат және жауапты қызметіңізге толағай табыс тілейміз, – делінген мәліметте.
Пікірлер