Облыс орталығында балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартуға бағытталған «Аула клубтары лигасы» аясында шағын футбол мен үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған лига облыс прокуратурасы бастамасымен, облыс әкімі бекіткен жастар саясатын іске асыру және ілгерілету мақсатында құрылған. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – балалар мен жасөспірімдерді спортпен тұрақты түрде айналысуға тарту, сондай-ақ жастар арасында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету.
Сайыс барысында жас спортшылар өзара тартысты бәсекеге түсіп, спорттың бірнеше түрінен шеберліктерін көрсетті. Ұйымдастырушылар мұндай жарыстар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың тәртіп пен жауапкершілікке бейімдейді деп отыр.
Облыс прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Жандос Қоңыровтың айтуынша, спорт арқылы жастарды тәртіпке үйретуге болады.
– Мұнда ең мықтылары жиналды. Облыс деңгейіндегі спортшыларды да танып, анықтап жатырмыз. Спорт – тәртіп пен заңды қатаң ұстанатын салиқалы ұрпақ тәрбиелеудің негізгі жолы, – деді ол.
Жарысқа мектеп оқушылары да белсенді қатысты. Өскемендегі №48 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Архат Оралбеков оқушылардың жарысқа дайындағын айтты.
– 5-10 сынып оқушыларына дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Жарысқа «Заң және тәртіп» бағыты аясында 5-6 және 9-10 сынып оқушыларын дайындадым. Екі команда да жеңіске жетті. Алдағы жоспарымыз – республикалық жарыстарға бару, – деді мұғалім.
Турнир барысында Өскемен қаласы мен Глубокое ауданы командалары арасында да тартысты ойын өтті. Глубокое ауданындағы Оралхан Бөкей атындағы мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұхтар Еділбаев жарыстың бірнеше күнге созылғанын атап өтті.
– Жарыс кешеден бері өтіп жатыр. Өскемен қаласы мен Глубокое ауданы арасында тартысты матч болды. Ойыншылар бар күшін салып, жақсы ойын көрсетті, – деді ол.
Жарыс қорытындысында шағын футболдан 5-6 сынып оқушылары арасында бірінші орынды Өскемендегі №48 мектеп командасы иеленді. 9-10 сынып оқушылары арасында да жеңіс №48 мектеп оқушыларына бұйырды.
Осылайша, екі жас санатында да аталған мектептің жас өрендері үздік шықты.
Пікірлер