Қазір елімізде баспана кезегінде тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқыны қалай? Бұл сұраққа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Бүгінде ел бойынша тұрғын үй кезегінде 988 мыңнан астам адам есепте тұр, оның ішінде 459 мыңға жуығы әлеуметтік жағынан осал топқа (ХӘОТ) жатады. Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша баспана кезегінде тұрған 18 859 отбасы тұрғын үйге ие болды, оның ішінде 12 653-і – жалдамалы тұрғын үй, 6 206-сы – жеңілдетілген ипотекалық қарыздар бойынша алынған баспана, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар ведомство мүгедектігі бар адамдарды баспанамен қамтамасыз ету шараларына түсінік берді.
- Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың арасында 66 818-і I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, 28 341-і мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар санатында тұр, - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Аталған санаттарға заңнама нормаларына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік келесі қолдау шаралары көрсетіледі:
коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайды беру (арендалық тұрғын үйлер);
жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау;
тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі арқылы 2% жеңілдікті ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру;
тұрғын үй сертификаттарын беру.
Бұдан басқа, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар санатында арендалық тұрғын үйді алған азаматтар сол баспананы өтеусіз негізде жекешелендіру құқығына ие.
Пікірлер