Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылында балық шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын колледж ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратты туралы облыс әкімдігі жариялады. Қазір өңірде балық өңдеумен айналысатын 14 кәсіпорын жұмыс істейді. Оларға 23 балық шаруашылығы учаскесі бекітілген. Кәсіпорындардың жалпы өндірістік қуаты жылына 40 мың тоннадан асады. Өңірде өндірілген балық өнімдері Еуропа елдеріне, Ресей, Қытай, Беларусь және Қырғызстанға экспортталады.
Облыста көксерке, алабұға және шортан өсіру бағытында бірқатар инвестициялық жоба пысықталуда. Солардың бірі – Зайсан көлі жағалауындағы Тұғыл ауылында жүзеге асырылмақ. «Zaisan See» ЖШС мұнда балық өңдеу кешені мен сумен жабдықтау технологиясы қолданылатын балық шабақтарын өндіру зауытын салуды жоспарлап отыр.
Жобаға ғылыми қолдау көрсету үшін компания «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-мен меморандум жасаған. Ал сумен жабдықтау жүйесін орнатуға арналған техникалық құжаттама Қытайдың eWater компаниясынан алынған.
Балық өңдеу кешенін салу үшін үш гектар жер учаскесі рәсімделді. Сонымен қатар балық ресурстарын өңдеуге арналған кешен салу үшін қосымша жер учаскесін бөлу жоспарланып отыр.
Жоспарланып отырған колледж өңірдегі балық шаруашылығы кәсіпорындарына қажетті кадрларды даярлауға бағытталмақ.
Пікірлер